АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 22.09.2016


Әйелдер арасында семинар-тренинг өткізілді

Күні: , 269 рет оқылды

img_8404-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8fБатыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының қолдауымен, аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқу залында «Үміт» Орал өңірі әйелдер одағының қоғамдық бірлестігі өкілдерінің қатысуымен «Әйелдердің потенциалын арттыру және оларды шешім қабылдау деңгейіне ілгерілету бойынша мемлекеттік саясат» тақырыбында семинар-тренинг болып өтті. Жиынға жиналған нәзік жандыларға алдымен сауалнама таратылып, «Батыс Қазақстан облысының саясаткер әйелдері» тақырыбында бейнебаян ұсынылды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова облыстан келген қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен таныстырып, сөз кезегін ұсынды. Сөз алған бірлестіктің төрайымы Әлия Райымқұлова: «Құрметті жәнібектік ханымдар! Біз сіздермен жүздескенімізге қуаныштымыз. Жалпы қоғамдық бірлестіктің мақсаты – Қазақстан әйелдерінің арасында көшбасшылықты дамыту. Сонымен қатар мемлекеттің саяси өмірінің белсенді қатысушысы бола алатын, әлеуметтік маңызы бар құндылықтардың негізінде қоғамды өзгерте алатын жас көшбасшы әйелдерді тәрбиелеу. Жұмыссыз әйел адамдардың мәселесін шешу, дұрыс бағыт-бағдар беру. Сондықтан да бәріңіз белсенділік танытып, мазалап жүрген сұрақтарыңызға жауап алып, ұсыныстарыңызды ортаға салуларыңыз сұралады»,-деді. Әрмен қарай «Үміт» Орал өңірі әйелдер одағы қоғамдық бірлестігінің педагог-психологі Бибінұр Салыкова «Мен кіммін?» тақырыбында семинар-тренинг өткізіп, жиналған нәзік жандылармен қызу пікірталас өткізді. Семинар-тренингте өз ойларын ашық айтып, белсенділік танытқаны үшін қатысушыларға бірлестіктің төрайымы Әлия Болатқызы алғысын білдіріп, сертификат табыстады. Арайлым  Рашитқызы.

Діни экстремизмнің алдын алу жайы сөз болды

Күні: , 432 рет оқылды

img_8382-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8fАудан әкімінің мәжіліс залында аудан әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысы оздырылды. Жиында аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов төрағалық етіп, күн тәртібінде екі мәселе: біріншісі аудан жастарын теріс діни ағымдардан сақтандыру бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы, екіншісі діни экстремизмнің, теріс діни ағымдардың алдын алу және дәстүрлі ислам дінін насихаттау бағытындағы Ақоба, Күйгенкөл, Тау, Ұзынкөл ауылдық округтеріндегі атқарылған жұмыстар туралы сөз болды. Бірінші мәселе бойынша «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Нұралиев баяндама оқыса, екінші мәселе бойынша аталған округтердің әкімдері атқарылған жұмыстары туралы слайд арқылы түсіндіріп, тақырыпқа сай ауылдарындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Кеңесті аудан әкімінің орынбасары Біржан Нұрланұлы қорытындылап, ақпараттық насихат тобы мүшелерінің жұмысын одан әрі жандандыру, кестеге сай жұмыстарды жоспарлап, оның жүзеге асырылуын қадағалау керектігін айтып өтіп, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді. Арайлым РАШИТҚЫЗЫ

«Мемлекеттік тіл – менің тілім»

Күні: , 602 рет оқылды

dscn6322-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f Аудандық мәдениет,  тілдерді дамыту, дене шынықтыру  және спорт бөлімінің  ұйымдастыруымен  аудан көлеміндегі мекеме қызметкерлері арасында  ана тілінің қадір-қасиетін біліп,  көркемдігін сезінуге, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғындыруға, тіл тазалығын сақтауға, мәдениетті сөйлеуге, шешендік өнерді  бойына сіңіре отыра,  мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысу  мақсатында  «Мемлекеттік тіл – менің тілім»  атты байқау оздырылды. Аудандық мәдениет,  тілдерді дамыту, дене шынықтыру  және спорт бөлімінің   басшысы Айдынғали Есенғалиев жиылған жұртшылықты  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 және  22 қыркүйек – Қазақстан халықтары тілдерінің күнімен құттықтай келе,  халықтың тарихы, ұлттық қазынасы,  намысымыз бен  арымыз, байлығымыз бен барымыз болып табылатын қасиетті тіліміздің мәртебесін асқақтатуға әрқайсысымыздың атсалысуымыз қажеттігін, ауданымызда тіліміздің аясын кеңейтуде кемшін тұстардың  орнын толтырып, олқылықтарды түзетуде аудандық ішкі саясат, «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетімен бірлесе іс-шаралардың қолға алынып жатқандығына тоқталды. Тұңғыш рет өткізілгелі отырған осынау байқаудың өрісінің өркен жайып, қанатының кеңейетіндігіне сенім білдіре отырып, жүлдегерлерге сәттілік тіледі. «Тіл – халықтың  жаны» деп аталатын алғашқы бөлімде үміткерлер өз қалауы бойынша ақын-жазушылардың тіл туралы өлеңін жатқа оқудан сайысқа түссе, «Білімді мыңды жығар»  сынында  тіл туралы мақал-мәтелдердің жалғасын тапты. Үшінші кезеңде әр қатысушы мәтіндегі қателерді табуда өз білімдерін сарапқа салып, соңғы бөлімде тест  сұрақтарына жауап берді. Сайыс нәтижесінде №1 ЖББОМ іс жүргізушісі Аида Қожасова I орын алса, Жәнібек колледжінің қазақ  тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Ахметқалиева мен  мектептен тыс жұмыстар   орталығының әдіскері Мейрамгүл Шамғонова II және III орындарды өзара бөлісті. Сайысқа  аудандық аурухананың  атынан қатысқан  Мергүл Өтегенова алғыс хатпен марапатталды. Байқауға қатысушыларға диплом мен  естелік сыйлықтар табысталды. Аталмыш бөлімнің тіл саласына жауапты маманы Ханымсұлу Жұмәлиеваның  айтуынша,  байқауды өткізуге дайындық барысында аудандағы он сегіз мекемеге үміткерлерді қатыстыруға өтініш жасап, арнайы қызметтік хат жолдаған екен. Алайда төрт мекемеден ғана тіл жанашырлары табылып, бағын сынауға белсенділік танытыпты. Осы жайттан-ақ ана тілімізге деген құрмет пен жанашырлықтың жоқтығын көріп, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөзді еріксіз есімізге түсірдік. Мемлекеттік мекемеде қызмет істеп, мемлекеттік тілімізге мемлекетшілдік тұрғыдан ниет танытпай, селқос қарайтындардың қатары  жерлестеріміздің арасында көппе деген ойға қалдық. Елбасымыз «Мәңгілік Ел» болуды мәңгілік идеологиямызға айналдыруды ұсынып, сол жолда жұмыла жұмыс істеуге кіріскен тұста  азаматтарымыз Мәңгілік ел болудың  бірден-бір кепілі ұрпағымыздың  ана тілінің уызына қанып, мәйегін бойына сіңіре білуінде екенін ұмытпаса екен. Себебі  тіл жойылған сәттен бастап ұлттың да жойылатыны қорқынышты болса да ақиқат. Сіз  не айтасыз, тіл жанашыры, патша көңіл оқырман?   Меңдігүл ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ  

Негізгі тетіктерді баян етті

Күні: , 454 рет оқылды

???????????????????????????????????? Жәнібек колледжінде «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының негізгі ережелеріне арналған семинар өтіп, оған ауылдық округ әкімдері мен аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері қатысты. Семинарда «Батыс Қазақстан ғылыми-зерттеу институты» мекемесінің директоры, ғылым кандидаты, доцент Үмбетқали Жанабеков жиналғандарға  аталмыш бағдарламаның негізгі бағыттарын талдап айтса, осы мекеменің бас әдіскері Амангелді Әміров бағдарламаға Үкімет қаулысымен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндады. Ал «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ БҚО бойынша филиалының мониторинг және талдау бөлімінің бас маманы, магистр Дәурен Кемешев аталған бағдарламаның ауылдық округтерде жүзеге асырылуының тәжірибелік қырлары жайында тренинг өткізді. Семинар барысында  оған қатысушыларға әдістемелік құралдар таратылды. Сондай-ақ ,  ауылдық округ әкімдеріне бағдарламаның негізгі ережелері және оны жүзеге асыру тетіктері бойынша тестілеу жүргізілді.   Н.Жапақов

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
shugulazhanibek@mail.ru

"Шұғыла"

8-711-35-21-770

.