АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 08.06.2017


Атты жорыққа аттанды

Күні: , 712 рет оқылды

Биыл Алаш ұлттық автономиясының, «Алаш» партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бүгін Жәнібек ауданының орталығында «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай еліміздің тәуелсіздігін аңсап, азаттық жолында күрескен жерлесіміз, ғұлама ойшыл, ақын, ұлт зиялысы Ғұмар Қараштың кіндік қаны тамған жері Борсы ауылында өткізілгелі отырған «Қараңғылықтың түнегін түрген шамшырақ» атты аудандық конференцияның аясында атты жорыққа аттанғалы отырған жерлестерімізді шығарып салу салтанаты оздырылды. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Ғұмар Қараштың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Біржан Нұрланұлына беріліп, ол «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай өткізілгелі отырған шаралардың бүгінгі тұсаукесер рәсімімен жиылған жұртшылықты құттықтады. Алаңды Асылан Боранбаевтың әуелеткен «Аманат», Мейрамгүл Дәулетқалиеваның шырқаған «Туған ел» әндері кернеді. Жиын соңында ауданымыздың ардақты азаматы, қадірменді ұстаз Қабаш Жүнісов ақ батасын ақтарды. «Алаш идеясы – қазақ идеясы» атты кітап көрмесімен аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Аида Алпысова таныстырып өтті. Кітап көрмесіне «Алаш» қозғалысы туралы газет-журнал беттерінен алынған мақалалар, очерктер, деректі материалдар жинағы, буклеттер, қоғам қайраткерлері туралы кітаптар қойылған. Атты жорыққа аттанған сайыпқыран азаматтарымызға ақ жол тілейміз. Сондай-ақ, жорықшылар қатарына Тау, Қамысты ауылдарынан еріктілер қосылмақшы.

Арайлым КЕСЕКОВА


«Балдәурен» лагері ашылды

Күні: , 410 рет оқылды

800 Жәнібек ауданының орталығындағы «Балдәурен» жазғы туристік-өлкетану лагерінің маусымдық ашылуы болды. Оған аудандық мәслихаттың хатшысы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы мен аудан орталығындағы мектептердің директорлары қатысты. -Құрметті әріптестер, ұландар! Баршаңызды «Балдәурен» жазғы туристік-өлкетану лагерінің дәстүрлі ашылуымен аудан әкімі атынан шын жүректен құттықтаймын! Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудан мектептері жанындағы лагерьлер өз жұмыстарын бастаған болатын. «Балдәурен» лагерінде алты кезең бойынша 240 бала жазғы демалыспен қамтылмақшы. Оқушылардың демалыстарын көңілді де қызықты өткізіп, жаңа оқу жылына тың күш жинап баруларына тілектеспін,-деді салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов. Шара барысында демалушылар тақпақ айтып, ән салып, би билеп, жиналған көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады. Лагерь басшысы Елдос Сағадатов бастаған тәрбиешілер мен тәлімгерлер «жаз жайнатып, күн күлдіріп» келген ұландарға ұмытылмас демалыс маусымын сыйламақ. -Алғашқы кезекте аудан орталығындағы үш мектептен 40 бала демалады. Сонымен қатар үздік оқушылар мен өкпе ауруымен ошақтас балалар да жазғы демалыспен қамтылады,-дейді лагерь басшысы Е. Сағадатов.

А. ОРЫНҒАЛИҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
shugulazhanibek@mail.ru

"Шұғыла"

8-711-35-21-770

.