АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 28.07.2017


Комиссия отырысы өтті

Күні: , 628 рет оқылды

IMG_3368 - копия (2)Жәнібек ауданы әкімдігінде кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтіп, оны аталған комиссияның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов жүргізіп отырды. Жиында Ұзынкөл ЖББОМ директорының міндетін уақытша атқарушы Н. Насимуллина «Кәмелетке толмағандарға төнген қауіпті анықтау, алдын алу, жағдайы төмен отбасыларындағы кәмелетке толмағандармен мектеп әкімшілігінің жұмысы туралы» хабарлама жасады. Назым Нұртайқызының баяндауынша, қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыру бойынша жұмыс арнайы құрылған комиссия құрамымен жүргізіліп, бұл бағытта біршама істер атқарылған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қауіпсіздік ережелері туралы бейнероликтер көрсетіліп, құқықтық сабақтар, тренингтер, тәрбие сағаттары өткізілген. Терроризм идеяларының алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ата-аналармен жиналыстар оздырылады. Әртүрлі тақырыптарды қамтыған акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. «Ішкі істер органдарында есепте тұрғандардың жұмыспен қамту органына өтініш білдірген жағдайында, демалыс мерзімінде ата-аналарының біреуінің, қамқоршысының, қорғаншысының немесе асырап алушының жазбаша келісімімен тұрмысы аз қамтылған отбасыларының кәмелеттік жасқа толмаған балаларын жұмыспен қамту мәселесі бойынша жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде» хабарлама жасаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Біржан Қуанәлиев ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңы бойынша кәмелеттік жасқа толмаған балаларды жазғы демалыс кезінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына, соның ішінде ақылы қоғамдық жұмысқа ата-анасының біреуінің жазбаша келісімімен жолдауға болатындығын, аталмыш бөлім мен аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы өз тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту, оларды мұқтаждық пен масылдықтан шығару мақсатында енгізілген барлық бағдарламалар уақтылы жүзеге асырылып, осал, әлжуаз топтарға жан-жақты қамқорлық көрсетіліп келетіндігін жеткізді. Отырысты қорытындылаған Жақсылық Кәримоллаұлы енді санаулы күндерден кейін «Мектепке жол» республикалық акциясы басталатынын, осыған орай мектеп жасындағы балалардың назардан тыс қалмау қажеттігін, акцияға байланысты нақты іс-шаралар жоспары жасақталуы керектігін тапсырды.

А.ЕСІРКЕПОВ


Ұсыныс-пікірлерімен бөлісті

Күні: , 458 рет оқылды

IMG_3371 - копия (2)Жәнібек ауданының әкімдігінде аудандық қоғамдық кеңестің отырысы оздырылып, оған аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудан әкімінің орынбасары, кеңес мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен білім саласының басшы-қызметкерлері қатысты. Отырысты қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырды. Жиында алғашқы болып сөз алған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Кенжеғалиев аудан бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы хабарлама жасады. Ол бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, Жәнібек ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерсайын Құбашев, зейнеткер-ұстаз Қабаш Жүнісовтер өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Сонымен іс-шаралар жоспары бекітілетін болып келісілді. –Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ауданымыз облыста бірінші орынға шықты. Бұл – үлкен жетістік. Жақында аудан әкімі Азамат Сафималиұлы бір топ еңбек ардагерлерімен кездескен кезде Қабаш Жүнісов ауданда білім саласын дамыту үшін мектеп-лицей ашу қажеттігін айтқан болатын. Биыл бір мектептен осыны ашу мүмкіндігін қарастыру керек сияқты. Сондықтан бүгін біз осы мәселені күн тәртібіне шығарып отырмыз,-деді екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған Бекет Әліпқалиұлы. Аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов бұл ұсынысты бір ауыздан қолдайтындығын білдірсе, Қабаш Жүнісұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жас ұрпақ тәрбиесіне баса көңіл бөлінгенін, сондықтан оқушылардың болашақта білімді де, білікті маман болып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосуы үшін мұндай оқу орнының қажеттігін және оның мәртебесі болу керектігін алға тартты. Ал аудандық білім беру бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің өте орынды екендігін, оны қолдайтындығын айта келіп, лицейді №1 ЖББОМ-ның базасынан ашуға болатындығын, ол үшін атқарылуға тиісті негізгі шараларды атап өтті. Күн тәртібінде қаралған бұл мәселе аудан әкімі Азамат Сафималиевтың  тарапынан да қолдау тапқанын атап өтейік. Басқосу барысында оған қатысушылар өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, түрлі ұсыныстарын ортаға салып отырды. Соңында аудандық қоғамдық кеңес атқарушы органға ұсыныс түсіретін болды.

А.ЕСІРКЕПОВ


Құрылыста қарқын бар

Күні: , 392 рет оқылды

IMG_6348 - копия (2)Жәнібек ауданында  құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Атап айтқанда, аудан орталығындағы А.Оразбаева, Т.Жароков атындағы мектептерге және аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығына ағымдағы жөндеу жұмыстары өткізілуде. Мысалы, аудан орталығындағы Алма Оразбаева атындағы жалпы білім беретін негізгі мектептің үш корпусына аудан орталығындағы Айболат Аяпов басқаратын «Жәнібектранссервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысшылары ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш мектеп ғимаратына пластикалық терезелер орнатылып, жылыту жүйелері ауыстырылуда, еденіне линолеум төселмек.  Мектептің сыртқы қабырғасына да жөндеу жүргізіліп, айналасы талапқа сай қоршалмақ. Аудан орталығындағы осы 3 оқу орнын ағымдағы жөндеуден өткізуді аяқтау 15 тамызға дейін белгіленіп отыр. Биыл маусым айында, сондай-ақ Талов ауылында жазғы шағын футбол алаңы  пайдалануға берілсе, осындай спорт алаңдарының құрылысы  Жақсыбай, Жәнібек ауылдарында да үстіміздегі жылы аяқталмақ. Қазіргі кезде осы екі ауылға футбол алаңдарын салуға мердігер анықтау жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы көптен құрылысшылардың қолы тимеген  Борсы ауылындағы мәдениет үйіне де «АИАС» ЖШС-інің күшімен күрделі жөндеу жұмыстары басталып, тамызда аяқталмақ. Ал Ақоба ауылындағы Х.Халиуллин атындағы мектептің жанындағы спортзалға жапсаржай салу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазір мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізілуде. Сол сияқты Жәнібек-Қазталов бағытындағы күре жолдың үстіне Ұзынкөл ауылына дейін 8,2 шақырымға асфальт төсеу жұмыстары жалғасуда.

                                                                                   Н.Өтей


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
shugulazhanibek@mail.ru

"Шұғыла"

8-711-35-21-770

.