АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 06.05.2018


Шекарашылар өнері

Күні: , 308 рет оқылды

    Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Отан қорғаушылар күніне арналған жиын оздырылып, оған аудан орталығының тұрғындары қатынасты. Жиында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов көпшілік қауымды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ел қорғауда абыройлы қызмет атқарып жүрген 2036 әскери бөлім шекарашылары мен  бір топ әскери азаматтарға аудан әкімінің алғысхатын салтанатты түрде тапсырды. Бұдан соң 2036 әскери командирінің міндетін уақытша атқарушы, полковник Жандос Қойшыбек құттықтау сөз сөйлеп, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 25 жыл» мерекелік медалін шекарашылардың үлкен бір тобына табыс етті. Марапаттау жиынынан соң 2036 әскери бөлім және аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының күшімен мерекелік концерт қойылып,  әскери-патриоттық әндер шырқалып, Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелеген шағын көріністер қойылды. Концерттен кейін жұртшылық орталық алаңда болған шекарашылардың есірткі заттарды қызметтік итті қолдану арқылы табу, мемлекеттік шекараны бұзушыны ұстау сияқты көріністерін тамашалады.

                                                                       Н.Есенғали

 

Өмірге өнеге, ұрпаққа ұлағат

Күні: , 270 рет оқылды

БҚО тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық филиалында аудандық музей филиалы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты шара оздырылып, оған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Кошанова, тыл ардагерлері, мұғалімдер, оқушылар мен студенттер қатысты.  Шара барысында музейдегі Ұлы Отан соғысы залы мен «Соғыс оты шарпыған Жәнібек» панораммасы таныстырылып,  тыл ардагерлері соғыс жылдарын жаңғыртатын көне жәдігерлерді, естелік хаттарды, фото-суреттерді  үлкен тебіреніспен көрді.

                                                                                                                                                          Н.Есенғали


Әнші-сазгердің шығармашылық кеші

Күні: , 270 рет оқылды

                                       

            Жәнібек аудандық мәдениет үйінде жергілікті әнші-сазгер Қадер Орақаевтың 70 жасқа толуына арналған «Жырлап өтем өмірді әнімменен» атты шығармашылық кеші өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде оздырылған шараға ауданның өнер сүйер жұртшылығы көптеп қатысты. Кеш барысында әнші-сазгерлігімен бірге музыкалық аспаптардың барлығын дерлік меңгерген бесаспап жанның шығармашылығы туралы кеңінен баяндалып, оның 1974 жылы аудандағы өнерпаз жастардың басын құрап, аты еліміздің біраз жеріне танылған «Арай» дауысты-аспапты ансамблін дүниеге әкелгені, сондай-ақ  сол жылдары қыздардан құралған «Қызғалдақ» ансамблінің де өмірге келуіне дәнекер болғаны айтылды. Сонымен қатар сазгердің «Мәңгілік от басында», «Арайлы ақ таңым», «Жәнібегім-әнім менің»  әндерінің шығу тарихын көрермендер автордың өз аузынан естіп білді. Оның осы және басқа да әндерін ұлдары Бақытжан Қадер мен Бауыржан Орақаев, немересі Елжан Қадер, інісі Әбубакар Орақаев, әнші-сазгердің шығармашылық кешіне арнайы келген меймандар, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Медет Оразов, Ибрагим Жантуллин, жәнібектік Данабек Үмбетәлі, Райымбек Каримов, Нарынбек Халелов, Аслан Боранбаев сынды әншілер тамылжыта шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов өнер иесін мерейжасымен қызу құттықтап, аудан әкімінің құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев аудан ардагерлері атынан сый-сияпатын ұсынды. Көрермендердің құрметіне бөленген әнші-сазгер өзінің шығармашылық кешін өткізуге сеп болған аудан әкімдігіне, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әкімшіліктеріне ризашылығын білдірді.

 

                                                                                           Н.Есенғали

 

Білім қызметкерлері арасындағы жарыс

Күні: , 132 рет оқылды

Кеше Жәнібек аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Т.Жароков атындағы ЖББОМ-да 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған аудан мектептерінің ер мұғалімдері арасында волейболдан жарыстың ашылу салтанаты болды. –Баршаңызды келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен және аудандағы білім ордаларының ұстаздар арасындағы волейболдан жарыстың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі қоғамда дене тәрбиесі мен спорт көптеген әлеуметтік проблемаларды шешудің – адамдардың денсаулығын нығайтудың, жастарды саламатты өмір салтына тәрбиелеудің маңызды алғышарты болып табылады. Ауданда қолға алынып жатқан нақты іс-шаралардың нәтижесінде спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдардың саны жылдан жылға өсе түсуде. Спортшыларымыз облыс, республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары жетістікке жетуде. Сіздердің тек сабақ беріп қана қоймай, осындай жарыстарға қатысып, жастарға үлгі болуыңыздың өзі бізді қуантады. Жарысқа қатысушы барлық командаларға сәттілік тілеймін!-деді аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов өзінің құттықтау сөзінде. Бұдан кейін 11 мектептен жиналған командалар үш топқа бөлініп, жарысты бастап кетті.

А.ЕСІРКЕПОВ


Тұрғындарды қабылдады

Күні: , 264 рет оқылды

         «Нұр Отан» партиясы Жәнібек аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Азамат Сафималиев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендердің басым көпшілігі тұрғын үй, жұмыс жөнінде өтініштерін жеткізді. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі баласына үй сұрай келген Ұзынкөл ауылының тұрғыны Насиха Рахимоваға аудан басшысы салынып жатқан үй құрылысы аяқталған соң тұрғын үй комиссиясының шешіміне сәйкес мекенжай берілетінін, Жәнібек ауылының тұрғыны Ырыс Жармұхамбетоваға құлау қаупіндегі үйінің құжатын тиісті мекемеден алған жағдайда соның қорытындысына сәйкес кезексіз үй алатынын түсіндірсе, аудан орталығының тұрғыны, жоғары білімді Нұрзия Жұмалиеваға «Алтын ұя» балабақшасынан мамандығы бойынша жарты ставкаға қызметке тұруға ұсыныс жасады. Аудан әкімі осыған ұқсас жайттармен қабылдауда болған басқа да өтінішін айтушыларға заң талаптарына сай түсініктер берді.

                                                                                  Н.Өтей

 

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
shugulazhanibek@mail.ru

"Шұғыла"

8-711-35-21-770

.