АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 08.05.2018


«Отардағы» әскери парад

Күні: , 86 рет оқылды

Кеше Жәнібек ауданы әкімдігінің мәжіліс залына жиналған дербес бөлімдер мен мекемелердің басшы-қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еңбек ардагерлері Отан қорғаушылар күніне орай Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында өткен жауынгерлік парадты онлайн  арқылы тамашалады. Шеруге Қазақстан Республикасының Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тікұшақпен келді. Елбасы парадқа қатысушыларды Отан қорғаушы және 9 мамыр – Жеңіс күнімен қызу құттықтады. Парад кезінде аумақтық қорғаныс аймақтарының басшыларына жауынгерлік ту тапсыру рәсімі болды. Шеруге үш мыңнан астам әскери қызметшілер қатысып, салтанатты маршпен жүріп өтті. Көптеген әскери техника мен заманауи қару-жарақ түрлері жұртшылықтың назарына ұсынылды. Әскери базада өткен парадта шартты түрде заңсыз қаруланған құрылымдардың нысандары әуеден барлау арқылы анықталып, оларға авиация, танк, БМП, БТР, артиллерия және басқа да әскери көліктерге орнатылған қарулардан жойқын соққы берілді. Осылайша Қарулы Күштеріміз өздерінің жоғары әскери дайындықтарын көрсетті. Еліміздің әлеуеті мен жауынгерлік әзірлігін паш етіп, абыройын асқақтатты.

А.ОРЫНҒАЛИҰЛЫ    


Жақсыбайдағы жерлестер форумы

Күні: , 266 рет оқылды

Кеше Жақсыбай ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жерге туыңды тік!» атты жерлестер форумы өз мәресіне жетті. Шара ауыл орталығындағы Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш тақта алдында жиыннан бастау алды. Сұрапыл соғыстың құрбаны болған есіл ерлерге ауыл имамы Қамидолла Нарумов құран бағыштады. Содан соң бір минут үнсіздік жарияланды. Ауыл әкімі Алмат Қаратаев сөз алып, өзінің тілегін былайша өрбітті. — Құрметті жерлестер! Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында біз жиылып отырмыз. Бұл мейрамды қасірет пен қайғы, қуаныш және сенім деген сөздермен айшықтағым келіп тұр. Ел басына қара бұлт төнген кезде ата-бабаларымыз Отан қорғау жолында қандарын төгіп, жандарын қиды. Бұл енді үлкен қасірет. Адамзат тарихында болмаған соғыс қаншама ананы жесір қылды? Қаншама сәбиді жетім қылды? Қаншама ерлеріміз туған еліне оралмады? Үлкен қасірет пен қайғы деп осыны айтамыз. Екіншіден, қуаныш. Не үшін қуаныш дейміз? Қазақта бір жақсы сөз бар. Орнында бар оңалар деген. Міне алдымызда жеткіншек ұрпақ өкілдері тұр. Олар барда болашаққа мол үмітпен әрі сеніммен қараймыз. Бүгінгі жастарымыздың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңдіру арқылы майданда ерлікпен қаза тапқан аталарымызды дәріптей аламыз. Қазақ деген батыр халықтың ерлік істерін жалғастыратын жеткіншек ұрпақ бар. Біз сол үшін қуанамыз.Үшіншіден, сенім. Қазақ елінің, Ұлы дала елінің басты идеологиясы – Мәңгілік ел болу. Мәңгілік ел болу үшін бірлескен бірлігіміз бен жарасымды ынтымағымыз арта берсін. Бірлік пен сенім бар жерде және ұрпақтар сабақтастығы арқасында ғана біз Мәңгілік ел бола аламыз.Қадірлі ағайын! Мереке құтты болсын! Бүгінгі мейрам біз үшін ерекше болмақшы. Себебі сыртта жүрген жерлестеріміз келіп, мейрамды бірге атап өтпекшіміз. Бұл енді зор ғанибет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді Алмат Бақытұлы. Ескерткіш тақтаға еңбек ардагері Чапай Хасанов, Орал қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров, аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Шәміл Досжанов, аудандық мәслихат депутаты Мейіржан Хаби гүл шоқтарын қойды. М.Ықсанов атындағы білім ордасында білім алып жүрген болашақ сарбаздар ардагерлерге сап түзеп құрмет көрсетсе, Астана, Атырау және Батыс Қазақстан облысының аудандарынан  келген жерлестер 30 түп шырша ағашын екті. 2016 жылы маусым айында Ақтөбе қаласында лаңкестердің қолынан ерлікпен қаза тапқан III дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Берікжан Қалиевті еске алуға арналған шағын футболдан аудандық ашық турнирдің ашылу салтанатына жиналған қауымда есеп жоқ. Елі ерін ескерген деген осы болса керек. Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні орындалған соң «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев пен  Берікжанның анасы Гүлжан  Қалиева  спортшыларға жеңіс пен сәттілік тіледі. Жарысқа Жәнібек, Жақсыбай-1, Жақсыбай-2, Борсы, Қазталов ауданынан Қараоба және Қошанкөл командалары сайысқа түсті. Тартысқа толы жарыс қорытындысы бойынша Жәнібек, Жақсыбай-1 және Борсы командалары жүлделі бірінші, екінші, үшінші орындарға ие болды. Алаңда өзіндік ойын өрнегін көрсеткен аяқ доп шеберлері назардан тыс қалмады. Тарқатып айтар болсақ, «Үздік қақпашы» аталымы бойынша Саят Рахметуллин (Жақсыбай-2),  «Үздік ойыншы»   аталымы бойынша Мерхат Қадырболатов (Борсы)  және «Үздік шабуылшы» аталымы бойынша Аяби Марданов (Жәнібек) арнайы дипломдармен марапатталды. Содан кейін ауылдың мәдениет ошағына жиналған жұртшылыққа  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ауылдық кітапхана меңгерушісі Светлана Айтуғанова оқырмандар назарына «Тәуелсіздік – тұғырым» атты кітап көрмесін ұсынып, Елбасы Жолдауына, Астананың 20 жылдығына және «Бір ел-бір кітап» акциясына байланысты кітаптарға ақпараттық шолу жасаса, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық филиалының қызметкерлері Сағыныш Сырымов пен Әбілахат Мұсаев аудан және Жақсыбай ауылы тарихына қатысты жәдігерлермен  таныстырып өтті. Осы жерде ауылдың  әлеуметтік, экономикалық дамуы, атқарылған игілікті істер, білім, медицина саласындағы жетістіктер  слайд арқылы көрсетілді. Модератор қызметін атқарған ауылдық мәдениет үйінің директоры Назгүл Бақтыгереева форумға қатысушыларға «қош келдіңіздер» айтып, алғашқы сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешовке жолдады. — Құрметті жақсыбайлықтар және ауыл қонақтары! Сіздерді Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Туған жер» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған  «Туған жерге туыңды тік!»  атты ауылдық жерлестер форумының бастау алуымен шын жүректен құттықтаймын! ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш мақаласында ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, әр азаматтың бойына отансүйгіштік, туған жерге деген құрмет секілді қасиеттерді дәріптеу, өскелең ұрпақты осы бағытта тәрбиелеуге аса көңіл бөлу керектігін ерекше атап өткен болатын. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде тарихи әрі маңызды құжатты түбегейлі орындау мақсатында қарқынды жұмыстар атқарылуда,- деді Біржан Нұрланұлы. Жиында сөз алған Амангелді Уәлиев сонау Кеңес Одағы кезіндегі кеңшар жұмысшыларының еселі еңбектерін тілге тиек етсе, Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеров жалынды жастық шағында өзімен бірге еселі еңбек еткен аға буын өкілдерінің аудан экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқандарын ерекше сезіммен  атап өтті.  Жеке кәсіпкер, меценат Айболат Кушумов, еңбек ардагері Қайыржан Қажалаев, кәсіпкер Аслан Рахметовтер туған ауылдарының гүлденіп, көркейгеніне ризашылық сезімдерін білдіре отырып, алдағы атқарылар істерде қолдау білдіретіндерін жеткізді. Өлкетанушы Ахмедияр Батырханов жиылған жақсыбайлық жайсаңдарды мерекелерімен құттықтап өтіп, Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанды жаудан қорғау жолында қаһармандық танытып, түрлі марапаттарға ие болған қазақ халқының ұл-қыздары туралы өрелі ой өрбітті. Форум соңында ауыл әкімі Алмат Қаратаев ат сабылтып келген жерлестеріне ризашылығын білдіре келіп, алда атқарылар игілікті істерді жұмыла бірге көтеруге шақырды. Содан соң барша форумға жиылған жерлестер аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің «Көкпар» тобы шабандоздары мен жақсыбайлық бозбалалардан құралған командалар арасында аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, көкпар сынды ұлттық ат спорты ойындарынан көріністер тамашалады. Жақсыбай жерінде қиқулатып атқа шапқан тақымы мықты бозбалалардың қайсарлықтарына шексіз риза болыстық. Жылқы көрсе арқаланып кететін қазақ екеніміз осындайда еріксіз еске түседі. Форум «Ауылым әнім» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ал біз тақтан түсірсе де аттан түсірмесінші деген оймен игі жақсылар жиылған Жақсыбай ауылындағы жерлестер форумымен қимай қоштастық.   А.ҚАРШЕКЕ

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
shugulazhanibek@mail.ru

"Шұғыла"

8-711-35-21-770

.