АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 14.05.2018


Тілсіз жаумен күресте ауыз бірлік керек

Күні: , 64 рет оқылды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жазғы өрттің алдын алу жөнінде аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы оздырылып, оған аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов төрағалық етті.  Аудан мекеме, ұйымдары, құқық қорғау органдары мен ауылдық округтер әкімдері қатысқан отырыста бірнеше мәселе қаралды. -Баршаңызға мәлім өткен жылы ауданымыздың ауылдық округтерінде құрғақ ауа райының қалыптасуына байланысты далалық алқаптардың жануы, өрт оқиғалары орын алды. Техникалық байқаудан өтпеген ауыл шаруашылық техникаларының кесірінен осындай қолайсыз жайттарға жол берілді. Сондықтан техникалық байқаудан өтпеген техникаларды далалық маусымдық жұмыстарға шығармау керек. Өрт бола қалған жағдайда бөлінбей біріге тілсіз жаумен күресуміз қажет,-деді комиссия отырысын бастаған төраға. Күн тәртібінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Алтаев «Табиғи өрт қауіпті кезеңіне ауылдық округтердің дайындықтары туралы», аудандық  білім беру бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов «Суға түсу маусымында адам өлімінің алдын алу және балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі туралы» және аудан әкімі аппаратының бас маманы Мирлан Еркеғұлов «2018 жылғы бірінші тоқсандағы хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы» тақырыптарында хабарламалар жасады. Хабарламалардан соң «Батыс Қазақстан электр желілерін тасымалдаушы компаниясы» АҚ аудандық электр торабының басшысы Мейіржан Хаби, Жәнібек ауылдық округі әкімі Мұстахим Қабдысалиевтер өздерінің ұсыныстарын айтты. Күн тәртібіндегі мәселені қатаң бақылауға алуды  айта келіп,  дала өрті кезінде немесе табиғи апат орын алған жағдайда бөлініп, бөле жармай ауыз бірлік танытып, барлық жерлестердің атсалысуы қажеттігін, сонымен қатар өрт сөндіру құралдарын тыңғылықты дайындап, ауылдық округтерге осы күннен бастап тарату, өрт қауіпсіздігі шараларының сақталуын тексеру керектігін де айтып өтті отырысты қорытындылаған комиссия төрағасы Жақсылық Кәримоллаұлы.

                                                                                                       А.ҚАРШЕКЕ


«Күміс алқа» тақты

Күні: , 270 рет оқылды

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 сәуірдегі №669 Жарлығы бойынша  Жәнібек ауылының тұрғыны Нұргүл Әйтекешова  алты бала тәрбиелеп өсіргені үшін «Күміс алқа» алқасымен марапатталған болатын. Жәнібек ауылдық округінің әкімі Мұстахим Қабдысалиев көп балалы ананың мекенжайына арнайы барып, Нұргүл Сәлімқызына «Күміс алқа» алқасын табыс етіп, отбасына амандық, зор денсаулық, толайым табыс тіледі.

                                                                                       Н.Өтей


Тегісшілдегі дала қызықтары

Күні: , 76 рет оқылды

Жәнібек ауданындағы Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекенінде шаруа қожалықтарының жетекшілері мен ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы және Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында «Дала қызықтары» атты той өтті. Ауылдың шетін ала екі киіз үй тігілген. Туған жерге деген сүйіспеншілік сол жердің тарихын білуден басталады десек, осы орайда тегісшілдіктер «Ғұмар Қараш – ұлт мақтанышы», «Жайық бойын жаңартқан тұлға», «Еңбек – ер атандырады» «Ел есімі – ел есінде» атты стенд дайындап шығарыпты. Онда халқына пана, еліне қорған бола білген, ел мерейін еңбегімен тасытқан ауылдың біртуар перзенттерінің өмірбаяны мен фотосуреттері көрініс тапқан. Салтанатты шарада Борсы ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекқалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, ауыл тұрғыны Қобылан Беріков құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ мың бұралған би биленіп, күмбірлеген күй төгіліп, мәнерлеп өлең оқылып, әннен шашу шашылды. Ұлттық ойындар кезінде үш шақырымдық тай жарысына бес ат қатысып, Нұрболат Шагировтың (Жәнібек) аты бірінші, Саят Ахметов пен Жасұлан Закаевтың (екеуі де Тегісшілден) жүйріктері екінші және үшінші болып келді. Он үш ат қатысқан құнан жарысында (9 шақырым) Нұрболат Шагировтың сәйгүлігі мәреге бірінші болып жетсе, қалған екі орынға Маралбек Әбіловтің (Борсы) жүйрігі мен Талғар Өтешевтің (Тау) тұлпары тұрақтады. Қазақ күресінен түйе палуанды анықтауға арналған жарыс аса тартысты өтті.Сонымен, қарсыластарынан басым түскен жәнібектік Сырым Байсов түйе палуан атанды. Екінші, үшінші орындарды Бейбіт Аронов пен Серік Самодиянов (екеуі де Жәнібектен) бөлісті. Арқан тартыстан «Тегісшіл» командасы жеңіске жетсе, қой көтеруден тегісшілдік Саят Ахметовке тең келер ешкім болмады. Ат үстіндегі аударыспақтан аудандық спорт мектебінің өкілі Мирас Берікбаев бірінші орынды иемденді. Той барысында жүлделі орындарға ие болғандар медаль, диплом, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша дала қызықтарының негізгі жүгін елді мекендегі шаруа қожалықтарының жетекшілері көтерген болса, оған ауыл тұрғындары да шама-шарқына қарай қаржылай қолдау көрсеткен. Алақандай ауыл азаматтарының ауызбіршілігі, жұдырықтай жұмылған бірлігі арқасында кереметтей той өтті. Асқар ҚҰСАЙЫНОВ  

Ақобадағы аламан

Күні: , 162 рет оқылды

Сенбі күні ақобалықтар жасыл шүйгін, кең жайлау төскейінде  Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласы,  «Рухани қазына»  кіші  бағдарлама  аясында   дала қызықтарын  ұйымдастырып,  «Ұлттық спорт  ойындары  — халықтың мәдени мұрасы»  атты мәдени-спорттық  шара өткізді. Дүбірлі шарада  ұлттық спорт  ойындарынан   қыз қуу, көкпар, аламан бәйге, тайжарыс, құнан жарыс, аударыспақ, асық ату, биікке өрмелеу, қазақша күрес  сынды ойындар тартысты өтті. Аламанда сынға түскен малдың патшасы- жылқылар бір-бірінен өткен жүйрік болып шықты. Бәйгеде топ жарған  Сыналбек Сапиевтің  аты І  орын, Нұрман Сатаевтың  аты ІІ  орын,   Ринат  Қалмияровтың  аты ІІІ орын  алды. Ал тай жарыста тайталасқа түскен Батырхан Насиевтің тайы І орын,  Ринат  Қалмияровтың  тайы ІІ орын, Ерлан  Жашинның тайы ІІІ орыннан көрінді. Құлдыраңдап шыққан құнандардың бәйгесінде І орынды Арман Айтқалиевтің құнаны, Қалмияров Ринаттың құнаны ІІ орын, Нұрман Сатаевтың  құнаны  ІІІ орынды місе тұтты. Ашық аспан астында, бозкілемде сынға түскен түйе палуандар да тамаша өнер көрсетті. Өзінің мықтылығын дәлелдеген  Бекарыс Бейбітұлы І орын, Мерей Ғайнуллин ІІ орын, Нұржан Есімов ІІІ орынға табан тіредді.  Аударыспақ ойынына белесене қатысқан Мақсат Ғалым І орын,  Мирас  Берікбаев ІІ орын, Бекарыс Бейбітұлы ІІІ орын алды. Асық атудан сынға түскен балалар арасында  топты жарған Дінмұхамбет  Рысәлі І орын,  Балғынбек  Өктешов ІІ орын, Талап Оразәлі ІІІ  орын алды.  Сондай-ақ  қыз қуудың қызықты ойынын көрсеткен арулар Қырмызы Бейсенғалиева мен Жаниса  Ахметалиева  көрермен қошеметіне бөленді. Ашық аспан астындағы «Ақоба – туған мекенім!» атты концерттік бағдарлама ақобалықтар мен қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Өнерді серік еткен ауылдың  төл перзенттері  Мейрам  Бисенғалиев,  Райымбек Каримов, Алтынбек Харесов, Ақбаян  Карина сынды жалынды жастар мен өнерлі оқушылар легі, облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрген Қырмызы Жомартқызының жетекшілігіндегі «Инабат» би тобының бишілері сыйлаған ән-би шашулар халықтың рухани демалуына сеп болды. Ақобадағы аламан бәйге туралы газетіміздің алдыңғы санынан оқи аласыз.

Ә.Қуанғалиева


«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының берері мол

Күні: , 103 рет оқылды

  Жәнібек ауданында цифрлы технология ауылдық жерлердегі тұрғындарды қолжетімді ақпараттармен барынша қамтамасыз етуде.  Мәселен, аудандық ішкі істер бөлімі бұл күнде көшедегі жол қозғалысын, тәртіпті бейнекамера арқылы бақыласа, ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде оқушылардың ара қашықтығын ҚР Білім және ғылым министрлігі осындай әдіспен қадағалайды. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында да жаңа технологиялармен жұмыс істеу үдерісі жүзеге асуда. Дейтұрғанмен ауданға жаңа технологияның бәрі бірдей еніп кетті деуге әлі ертерек. Бұл тұрғыда біраз мәселелер баршылық. Ауданда интернет байланысы өте нашар, кең жолақты, талшықты оптикалық байланыс жүйесі жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың бізге берген мәліметіне сәйкес, аудан мектептерінде барлығы 438 компьютер болса, соның 315-і ғана жұмыс істейді, дәлірек айтқанда 123 компьютердің тозығы жеткен. Сондықтан тағы да 263 компьютер алу керек. — Компьютерлердің техникалық мүмкіндігі қазіргі заманға сай келмейді. Мысалы, бізде  egov.kz порталы жұмыс істейді. Алайда ол аудан тұрғындарының басым көпшілігіне бейтаныс, ақпараттық сауаттылық төмен, оны  қолдану өз дәрежесінде емес немесе ақпараттандыру жетіспейді деп айтуға толық негіз бар. Сол сияқты аудан орталығынан шалғай ауылдардағы интернет байланысының нашарлығынан тұрғындар аудандық халыққа қызмет көрсету орталығынан анықтама алу үшін жүздеген шақырым қашықтықтан аудан орталығына келеді. Ал цифрлы технология күнделікті өмірімізге енсе, бұл жағдай  болмас еді. Тұрғындар анықтама, басқа да қажетті құжаттарды алуға аудан орталығына сабылмай немесе аталған орталық қызметкерлерінің ауылға келгенін күтпей-ақ интернет арқылы барлық шаруасын бітірер еді. Цифрлы технологияның енбеуіне байланысты бізде ақпараттық жүйелердің шоғырлануы, бірігуі тиісті деңгейде емес. Мысалы, АХАЖ мекемесінде тұрғындардың дүниеге келген жылын, айын, күнін салатын жүйе бар. Бірақ ондағы мәліметтер басқа мемлекеттік мекемелердегі осындай мәліметтермен салыстырғанда қозғалыстары бір-бірімен сәйкес келе бермейді, әрқайсысында көрсеткіш әр бөлек. Бұған белгілі жүйе керек. Мәліметтердің бәрі базада бірдейленіп, көрініп тұруы қажет,-дейді Жақсылық Кәримоллаұлы өз сөзінде.

                                                                                  Н.Жапақов


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
shugulazhanibek@mail.ru

"Шұғыла"

8-711-35-21-770

.