АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 29.05.2018


«Ашық әкімдік» күні

Күні: , 88 рет оқылды

Аудан әкімі Азамат Сафималиев Ақоба,Күйгенкөл,Ұзынкөл ауылдық округтерінде «Ашық әкімдік» күнін өткізді.Жиынға аудандық бөлім басшылары да қатысты.Ақоба ауылында зейнеткер Төлеген Батырашев жеке,Алтынбек Мұханбетқалиев жер мәселесімен, Айболат Жұмасейітов  материалдық көмек сұрап келді.Күйгенкөлдегі жиында Зүлфия Самодиянова,Бақтыгүл Есқалиева,Камила Ғаббасова жұмыс сұраса,Нұрсұлу Мауженова материалдық көмек,Еркін Хайруллин мешіттің құжаттары,Майра Шұлымова үй,Зүлфина Құмарғалиева медициналық қызмет төңірегінде айта келді.Ұзынкөлдік Жанарбек Қыдырғалиев,Мая Нысанбаева да жұмысқа орналасу үшін көмек сұрай келіп,жағдайларын жеткізді.Аудан басшысы келген тұрғындарға сұрақтары мен өтініштеріне  жауап берді.

Әсемгүл Әбділдақызы


Тұлғалардың мәртебесі анықталуда

Күні: , 112 рет оқылды

Жәнібек аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрпейіс Елемесовтың бізге берген мәліметіне сәйкес, өткен жылы бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту, олардың қызметін рәсімдеу және өзектендіру, міндетті зейнетақы жарнасы жоқ жұмыс жасайтын тұлғалардың мәртебелерін анықтау және түсінік алу үшін жадынама жасақтап, оны шағын және орта бизнес өкілдерінің арасында тарату жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында  аудан әкімінің өкімімен құрылған аудандық штабтың мүшелері ауылдық округтерде болып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. –Ауыл тұрғындарының арасында түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде осыдан 4 ай бұрын аудан бойынша міндетті зейнетақы жарнасы жоқ жұмыс жасайтын 193 адам болса, күні бүгін олардың саны 74-ке түсті. Сол сияқты ресми тіркелмеген жұмыссыздар саны 810 адамды құраса, 4 айдың қорытындысында 668 адам болды. Сондай-ақ аудан бойынша биыл жыл басында өзін-өзі қамтушы 1508 адам болса, қазір 1314 адам қалып отыр. Кешенді жоспарға сай жыл басынан әлеуметтік жұмыс орындарына 21 адам тартылса, соның ішінде 9-ы жұмыссыздар, 12-сі өзін-өзі қамтушылар болып саналады. Сонымен қатар қысқа мерзімді кәсіби оқуға 30 адам жолданса, соның 8-і жұмыссыз, 22-сі өзін-өзі қамтушы. Сол сияқты жастар тәжірибесіне 15 адам жолданса, олардың 9-ы жұмыссыз, 6-уы өзін-өзі қамтушылар.  Ақылы қоғамдық жұмыстарға 44 адам тартылса, соның ішінде 24-і жұмыссыз, 20-сы өзін-өзі қамтушылар қатарында. Ал бос жұмыс орындарына 34 адам жолданса, соның 16-сы жұмыссыз, 18-і өзін-өзі қамтушы,-деді Нұрпейіс Ғаділұлы. Бүгінгі таңда аудан бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың статусын анықтау жұмыстары жалғасуда. Тұрғындардың тобын бөліп, анықтау өзекті іс. Арнайы орындарға тіркелмей жұмыссыз жүргендер де бар. Олардың мәртебесін анықтау қажет. Егер жұмыстары болмаса ауылдық округ әкімдіктеріне тіркелуі керек. Бұл жағдайда мемлекет олардың атынан жарна төлейтін болады. Сонымен бірге жұмыс тауып беруге қолдау көрсетіледі. Бұл жұмыстар қазір ауданда қарқын алып келеді.

                                                                                Н.Өтей


«Бұлақ көрсең, көзін аш»

Күні: , 96 рет оқылды

Кеше Жәнібекке «Мен қазақпын» республикалық телевизиялық жоба аясында  ел ішіндегі  таланттарды тану мақсатында облыстан делегация мүшелері келді. Қонақтарды қарсы алғаннан кейін жиналған қауым баба рухына тағзым ету үшін ақын,ойшыл­ философ Ғұмар Қараштың ескерткіші жанына жиналды. Ескерткішке гүл шоқтарын аудан әкімі Азамат Сафималиев пен облыстық «Ақжайық» телеарнасының бас редакторы Гүлмира Тілеубаева, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов пен облыстық халық шығармашылығы орталығының «Халық шығармашылығы» бөлімінің басшысы Есенкелді Молдағалиев қойды. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін қонақтар мәдениет үйіне бет алды. Мұнда фойеде арнайы жасақталған Талов, Жәнібек,Тау, Күйгенкөл, Қамысты ауылдық мәдениет үйлерінің жанындағы қолөнер үйірмесінде жасалған туындыларды және көрмесін, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің «Күй – халық мұрасы, халық тарихы» атты көрмесін тамашалады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тәрбиелік мәні зор, ұлттық рухани мұрамызды  дәріптеу үшін өткен жобаға ауданымыздан термешілер мен күйшілер қатысты. Ал қатысушылардың өнерін саралап, әділ баға беру үшін аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов, облыстық халық шығармашылығы орталығының «Халық шығармашылығы» бөлімінің басшысы Есенкелді Ғарифоллаұлы, облыстық «Ақжайық» телеарнасының бас редакторы Гүлмира Тілеубаева, домбырашы Шынтемір Рамазанов, аудандық мәдениет үйінің директоры Жақсылық Бисенғалиев қазылық етті. Шара басталмас бұрын аудан басшысы Азамат Сафималиев  сөз алды. — Жобаның мақсаты – ауылдағы ұлттық өнерге құштар жандарды тауып, көпшілікке танымал ету, үлкен сахнаға жол ашу, жаңа есімдерді шығару болып табылады. Асыл қазынамызды халықаралық деңгейде насихаттау. Сондай-ақ Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы елдің ұлттық рухани тамырын нәрлендіру, ұлттық кодты, ұлттық біртектілікті сақтай білудегі міндеттерді орындау. Бағдарламадағы міндеттерді орындай отырып,заман талабына сай өмір сүргенде ғана бәсекеге қабілетті боламыз.Өткелі жатқан үлкен іс-шара ауданымыздағы өнерпаздардың да қызығушылығын туғызуда. Жобаның ережесіне сәйкес, дәстүрлі ән, терме, күй аталымдары бойынша үздік шыққан өнерпаздарымыз облыстық кезеңге жолдама алып, ауданның намысын қорғайтын болады. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін,- деді аудан басшысы өз сөзінде. Қасиетті домбыраның құдіретін ұғынған үміткерлер бірінен-бірі өтіп, бар өнерлерін ортаға салды. Жақсылық Берешов (Ақоба), Әсемгүл Артықова (Қамысты),Әдемі Сүлейменова (Талов), Дамир Зинуллин (Жәнібек), Бекен Құндызбаев (Тау), Мұқсина Орақаева (Ұзынкөл) күмбірлеген күймен тыңдарманның құлақ құрышын қандырса, терме жанры бойынша Әдемі Серікқызы (Талов), жәнібектік Гүлдерай Дүйсенбаева, Ақан Ажығалиев (Жәнібек), Нарынбек Халелов (Жәнібек), Жанаргүл Нұрышева (Талов) халық әндерін нақышына келтіре орындап берді. Кеште сондай-ақ, «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі мен дәстүрлі әнші Тамара Кафарова өнерлерін көрсетіп, қатысушыларға күш жігер берді. Байқау қорытындысында сөз алған әділқазы мүшесі Есенкелді Ғарифоллаұлы жобаның маңыздылығына тоқталды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, аудандарды аралап жүрген делегаттар ауыл-аймақтардан дарындарды іздеп жүргендерін айтты. Әділқазылар шешімімен күйшілерден жәнібектік Дамир Зинуллин, дәстүрлі ән жанры бойынша жәнібектік Нарынбек Халелов облыстық кезеңге жолдама алды.

Ә.Сірәлі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
shugulazhanibek@mail.ru

"Шұғыла"

8-711-35-21-770

.