АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Мұрағат: 30.07.2018


Заңдағы өзгерістер түсіндірілді

Күні: , 164 рет оқылды

Бүгін Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімінде жеке құраммен жиын өтіп, оны бөлім бастығының міндетін атқарушы Бижан Төремұратов ашып, сөз кезегін аудандық соттың төрағасы Ә.Жамантаеваға берді. — Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру бағытында қылмыстық, қылмыстық процессуалдық кодекстерге өзгерістер енгізілуде. Сот және құқыққорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасамаған адамдарды пайдалы қоғамдық жұмыстарға тарту, айыппұл салу түріндегі жаза қолдану, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар іске асырылуға тиіс, — деді өз кезегінде Әсел Жұмағұлқызы. Бұдан кейін ол жеке құрам тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.

А.ЕСІРКЕПОВ


Қызылсырасаңыз, жәрмеңкеге барыңыз!

Күні: , 106 рет оқылды

Өткен сенбіде, әдеттегідей, Жәнібек ауданының орталығындағы «Әлем» базарында жәрмеңке өтті. Кезекті жәрмеңкеге Тау, Ақоба, Қамысты және Жәнібек ауылының жекелеген тұрғындары өз өнімдерін әкеліпті. Негізінен ет өнімі мол болды. Бағасы да қолжетімді. «Сиыр етінің келісі – 1300, қой еті – 1200, сары майдың келісі – 3000 теңгеден сатылуда. Жәрмеңке халыққа қолайлы бағамен ет сатып алуға мүмкіндік беріп отыр», — деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рустам Аманғалиев. Сенбі сайын осындай жәрмеңкенің ұйымдастырылуы аудан халқын әлеуметтік қолдаудың бір түрі болса керек. Өкінішке қарай, көкөніс пен жеміс-жидек сатушылардың қарасы бірен-саран ғана…

А.ЕСІРКЕПОВ


Қамыстылықтардың өнері

Күні: , 116 рет оқылды

Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағында Қамысты ауылы көркемөнерпаздарының күшімен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру және Астананың 20 жылдығына арналған «Туған жерім – тал бесігім» атты концерті оздырылды. Өнер мерекесіне қамыстылықтар арнайы киіз үй дайындап әкеліпті. Киіз үйдің ішінде қол диірмен, күбі, келі сияқты халқымыз ежелден қолданған тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық киімдер қойылған. Әудем жерде балалар асық ойнап отырса, әжелер құрақ көрпе тігуде. Ауыл шебері Ғиылмаш Артықовтың  естелік ретінде ағаштан ойып жасаған кішкене домбырасы да киіз үйдің төрінде ілулі тұр. Қамысты ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қарақұлов саябаққа жиналған жұртшылықты өнер мерекесімен құттықтаған соң ауыл өнерпаздарының концерті басталып кетті. Ауыл әншілері Айбек Исалиев, Әсем Әбдірахманова, Дәурен Темірәлиев, Салтанат Кенжәлиева, Жастілек Тельманов, Серік Сүлейменов, Мирболат Рахымғалиев, Альбина Майдушева Отан, туған жер, Астана туралы әндер шырқаса, Әсемгүл Артықова күй күмбірлетіп, «Арна» бишілер тобы би билеп, Зара Бедаева мәнерлеп өлең оқып, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлады.

                                                                                           Н.ӨТЕЙ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
shugulazhanibek@mail.ru

"Шұғыла"

8-711-35-21-770

.