7.03.2018, 10:10
Қараулар: 50
Ауыл шаруашылығы саласының мәселелері айтылды

Ауыл шаруашылығы саласының мәселелері айтылды

Жәнібек ауданы әкімдігінде облыстық басқарма және қаржылық қолдау институттары өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылық мәселелеріне арналған кеңес өткізіліп, оған ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен кәсіпкерлер қатысты. Кеңесті ашып, жүргізген аудан әкімі Азамат Сафималиев ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы жылдардағы ауқымды өзгерістер, тұқымдық түрлендіру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, шығын көлемін азайтып, өндірістің өнімділігіне қол жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша баяндады. Бұдан соң облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Халиуллин өз сөзінде алдағы уақытта шаруаларға субсидия беруде оңтайландыру күтілетінін, бұл жөнінде өзгерістер болса, таяуда  ауылдарға тағы да келіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты. –Бүгінгі кеңесте қолданыстағы бағдарламалар, оларды алу тетіктері, мемлекетік қолдаулар, жер заңнамасындағы өзгерістер тағы да басқа жайттар сөз болады,-деді ол. Кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Есполов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің экономика және бизнес факультетінің аға оқытушысы Бейбітжан Рахымғалиев, «Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Серік Жарылғапов, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Жұматай Ашықбаев, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Мұрат Ихсанов, «ҚазАгроКепіл» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалының басшысы Досқан Салықов, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары Марат Абдолов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалының несие-менеджері Талап Бисенбаев баяндамалар жасады. Жиын барысында шаруа қожалықтарының жетекшілері мен кәсіпкерлер субсидия алуда құжат рәсімдеу, кепілдік қоюдағы  қиындықтар жөнінде облыстан келген өкілдерге сұрақтар қоюмен бірге субсидия берудегі алда күтілетін жайттарға байланысты өз пікірлерін білдірді. Кеңесті аудан әкімі Азамат Сафималиев қорытындылап, жиында көтерілген мәселелер өзінің бақылауында болатынын айта келіп, кеңеске қатысқан шаруа қожалықтары жетекшілері мен кәсіпкерлерге, облыстан арнайы ат басын бұрған меймандарға алғысын білдірді.

                                                                                             Н.Өтей

Ауыл шаруашылығы

Басқа да мақалалар