18.05.2018, 9:15
Қараулар: 36
«Ән арман» ән кеші

«Ән арман» ән кеші

Кеше Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегеновтің «Ән арман» атты ән кеші өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудан-ауылдарға шығып, халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттап жүрген беті екен. Жәнібекке көршілес Бөкей Ордасы ауданынан ат басын бұрыпты.

Еркін ән кешін М.Әлімбаев пен Ш.Қалдаяқовтың «Сүйген болсаң, сағынарсың» әнімен ашып, Е.Хасанғалиевтің «Бозторғайым», «Дос-Мұқасан» ансамблінің репертуарынан «Ләйлім шырақ», Т.Шәмеловтің «Ауылымды сағындым» әндерімен көрермендердің қошеметіне бөленді.

Кеш барысында Еркіннің шашбауын көтере келген жас айтыс ақыны Айнабек Бисенғалиев өзінің арнауын жолдың жайын айтпай-ақ қояйын деп бастап, Жәнібекке сегіз жылдан кейін келіп тұрғанын, ораза тұтқан жамағатқа оразаларының қабыл болуын тілеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымыздың жаңарып, өсіп-өркендеп жатқанын тілге тиек етіп, ән кешіне келмегендерге сәлем айтыңыздар деген назын да жеткізді. Одан кейін Е.Өтегенов өзінің репертуарынан бірнеше жаңа әнді шебер орындап, көрермендердің жүрегіне жол тапты.

Кеште сондай-ақ  Еркіннің әріптесі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, жыршы-термеші Фархат Оразов Әбубәкір Кердерінің «Насихат сөзін» нақышына келтіре шырқады. Сахнаға қайта шыққан Еркін енді еркін көсіліп, әнші-сазгер Е.Әбдіхалықованың «Асқақ арман», Б.Баймұқанқызының сөзіне жазылған «Кетсең де шалғай», «Жанарың сенің», Т.Досымовтың «Сәйгүлік», Ж.Молдағалиев пен І.Жақановтың «Еділ мен Жайық», Е.Нұрымбетовтің «Жаса, Қазақстан» әндерін әуелете салып, кәсіби деңгейінің жоғары екендігін көрсетті.  Кеш «Ән арман» әнімен әдемі түйінделді.

Сахнаға көтерілген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев Жәнібекке келіп, әнсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны үшін Еркін Өтегеновке шығармашылық табыс тілеп, аудан әкімінің атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.

А.ЕСІРКЕПОВ

PS: өңірімізге танымал күміс көмей әншінің ән кешіне жиналған халық тауыққа шашылған тарыдай, әр жерде шашырап отырды. Бас-аяғы 50-60 адамның денін әйелдер құраса, ер адамдар саусақпен санап аларлықтай болды. Айнабек ақынның «сәлем айтыңыздар» деп отырғаны да осы емес пе? «Жетім қыздың тойындай боп өткен» кештің құлақтандыруы кемшін болды ма, әлде құлаққа ілмедік пе, әйтеуір ол жағы бір Аллаға ғана аян…

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар