18.05.2018, 18:15
Қараулар: 67
Өткеннің қазынасы – болашаққа

Өткеннің қазынасы – болашаққа

Бүгін БҚО тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық бөлімінде 18 мамыр Халықаралық музей күніне орай «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты шара оздырылды. Шарада сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бекежан Шарафутдинов жиналған қауымды аудан әкімі Азамат Сафималиевтің атынан мерекемен қызу құттықтады. Аталған бөлім меңгерушісі Меңдігүл Фазылова сөз сөйлеп, музей саласын дамытуға зор үлес қосқан Улия Мағзомқызына, Қарлыға Күзембайқызына және Төлебек Шұғайұлына мерекеге орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың алғысхатын салтанатты түрде табыс етті. Шарада сондай-ақ зейнеткер-ұстаз Қабаш Жүнісов те жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Бұдан кейін көпшілік музейдегі «Соғыс оты шарпыған Жәнібек панорамасы», «Ұлы Отан соғысы», «Қоғамдық-саяси тұлғалар» және «Аудан тарихы, ауыл шаруашылығы, еңбек ерлері мен тұрмыста қолданылған көне бұйымдар» залдарына экскурсия жасап, оларға экспонаттар мен тарихи жәдігерлер туралы жан-жақты түсінік берілді. Сонымен қатар Әлішер Кенжеғалиев «Бресттегі жәнібектік жауынгер» балладасын, аудандық театрдың режиссері Амангелді Насипов «Ғұмар Қараш» бейнесінде ақын монологін, Ақнұр Азаматова «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырынан үзінді оқыды.

Әрі қарай жұртшылық «Жәдігер жерде қалмасын» акциясына қатысып, қолда бар көне қару-жарақ түрлерін, соғысқа қатысқан майдангер жерлестеріміздің түрлі ордендермен марапатталғаны туралы құжат көшірмелерін, фотосуреттерін, танымал адамдар бейнеленген фотоальбомдарын, дәрігерлік құралдарын, көнерген шылапшын мен құман, тышқан аулайтын қақпан, патефон, сағат, тағы басқа да жәдігерлерді музей қорына өз еріктерімен естелік ретінде тапсырды.

А.ЕСІРКЕПОВ