23.05.2018, 10:48
Қараулар: 92
Туған жерге сағыныш

Туған жерге сағыныш

Кеше Жақсыбай ауылының халқы Зеленов ауданының Белес ауылдық округінің әкімі мен өнерпаздарын қарсы алды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында аталмыш ауылдың тумасы, бүгінде Зеленов ауданы, Белес ауылдық округінің әкімі Бекзат Бадақов Белестің көркемөнерпаздарын «Бірлігі жарасқан Белес ауылынан – жер жаннаты Жақсыбай ауылына сәлем» атты концерттік бағдарламасын туған жеріне тарту етті. Алғаш еңбек жолын туған жерінде бастап, бүгінде Белес ауылында қызмет етіп жүрген Бекзат Ғаппарұлы туған жер топырағына жеткен соң Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаевпен Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды. Ауылдастары дөңгелек үстел ұйымдастырып, қонақпен алдағы жоспарлары, ауылдың бүгінгі таңдағы ахуалы хақында әңгіме өрбітсе, Бекзат Ғаппарұлы «Белес-Агро» ЖШС өндіретін ұн және сұйық май сынды күнделікті тұрмыста қажет азық-түлік тауарларын және өндіріс орнының жұмыс барысы жайын тілге тиек етті. Кейін шара жақсыбайлықтарға арналған концерттік бағдарламаны кіріспе сөзбен ашқан Бекзат Бадақов ауылдастарына амандасып, сапарларының мақсатын түсіндірді. Көңілді кеште республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, облыстық  «Балдәурен 2018» балалар шығармашылық фестивалінің бас жүлде иегері Ақкенже Қонысбайқызы, Нұрлан Сәрсенғалиев, Диана Үмбетқалиева, Әмина Шерер, Ерген Нұрлан, Ақтоты Имағамбетова әннен шашу шашса, «Баянсұлу» би ансамблінің қыздары мың бұрала би билеп, көрермендер қошеметіне бөленді. Сондай-ақ шарада  Жақсыбай ауылдық «Рауан» вокалдық-аспаптар ансамблі өнер көрсетті. Кеш соңында Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев қонақтарға алғыс айтып, Бекзат Ғаппарұлы мен өнерпаздарға алғысхат, естелік сыйлықтар табыстады. Өз кезегінде Бекзат Бадақов та Алмат Бақытұлына, өзі білім алған алтын ұя мектебіне, ауыл мешітіне, сыныптас досы Миршат Дуйтовқа естелік сыйлықтар тарту етті. Жақсыбайлықтар көңілді кештен рухани демалып, көтеріңкі көңіл күймен тарасты.

                                                                                                         Г.МӘДИ