25.05.2018, 16:37
Қараулар: 185
«Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау»

«Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау»

Бүгін  оқушылардың құшағы гүлге толып, ерекше толқитын күн…Бүгін алтын ұя мектебін аяқтап, бала шақтан болашаққа  қанат қаққалы отырған жас түлектер үшін ең бір ұмытылмас күн…Аяулы ұстаздардың бір жылдық еңбектерінің жемісіне куә болатын күн…

Сан мәрте «Алтын белгі» иегерлерін баптап, талай дарынды қанаттандырған, ауданымыздың белді білім ошақтарының бірі Е.Ниетқалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде  де соңғы қоңырау үні сыңғырлады. «Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау» атты салтанатты жиынға, БҚО жолаушылар көлігі  және автомобиль  жолдары басқармасы  басшысының орынбасары Қазбек Меңеев, аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудандық білім беру  бөлімінің басшысы  Мейранбек Ибатов, Қамысты ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қаракулов қатысты. Сондай-ақ, КСРО және Қазақ КСР-і білім беру  саласының озық қызметкері және Тәуелсіз  елдің  ұландарын  оқытқан ұстаздардың ұстазы Зейін Сабырғалиұлы,  «Ыбырай Алтынсарин» белгісінің иегері Тоқтағаным Төлешқызы, Қасымғали Асанғалиұлы, Жаңылдық Бисекешқызы, Ғиылмаш Захарұлы, Сәбила апай, Мақсот Тәтенұлы, Нәсиха апай,  Жаңғақ Исмағұлқызы,Тотия Шапағатқызы және Жәмила Валиқызы сынды мектептің алтын қазыналары салтанатты жиынға куә болды.

Мерекелік шараны мектеп директоры Ербол Қуанов ашып, қонақтарға қош келдің айта келе, мектеп түлектеріне сәттілік тіледі.

Әрмен қарай аудан басшысы Азамат Сафималиев сөз алды.

-Бүгінде мемлекеттің қолдауымен елімізде апатты, үш ауысымды мектептер толық жойылып, мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапты. Аудан мектептері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, мектептерді жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.Аудан ұстаздары өздерінің міндеттерін тиісті орындау нәтижесінде  оқушыларымыздың білім сапасы жақсарып, олар ҰБТ-де, түрлі  пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Биыл аудан бойынша 178 мектеп түлегі болса, солардың ішінде 155-і  ҰБТ-ге қатысуға ниет білдіріп отыр.Аудан бойынша 17 түлек алтын белгі және 8 түлек ерекше аттестат алуға  үміткер,-дей келе мектеп түлектеріне алда тұрған сынақтан сүрінбей өтуіне тілектестік білдірді Азамат Сафималиұлы.

Өз кезегінде сөз алған  БҚО жолаушылар көлігі  және автомобиль  жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Абдолғазезұлы жиынға қатысушыларды облыс әкімі және облыстық мәслихат хатшысы атынан мерекемен құттықтады.

-Бұл мектеп облыс, аудан бойынша  алдыңғы қатардағы мектептердің бірі. Бір кездері ауданда ҰБТ қорытындысы бойынша жыл сайын бірінші орыннан көрініп, үздік жиырма мектептің қатарында болып едіңдер. Сол шыңға қайта оралуыңызға тілектестік білдіремін,-деді Қазбек Меннеев.

Шара барысында оқу жылын үздік аяқтаған оқушылар мақтау қағазымен марапатталды. Өнерлі оқушылар ән шырқап, 1-сынып бүлдіршендері тақпақтарын оқыды, мектеп түлектері «білім кілтін» іздерін басып келе жатқан 10-сынып оқушыларына табыс етті. Сонымен қатар аталмыш мектеп түлектерінің оқу жетістігін бағалап, мектеп ұжымы мен білім ордасын басқарып отырған Ербол Қуановқа еліміздің іргелі оқу орындарының ректорлары жіберген алғысхаттар табысталды.

Мектеп атты кеменің ескегін осыдан 10,20,30,40,50 жыл бұрын есіп көрген мектеп түлектері де жиынның сәнін келтіріп, ұстаздарына алғыстарын жаудырып, сый-сияпаттарын берді.

Жүрек тебірентер соңғы қоңырау үні естілер сәті де келіп жетті. Бұл рәсім 11 сыныптың түлектері Биболат Айталиев пен Әдемі Қобыланқызына, 1 сыныптың оқу үздіктері  Айбар Абулкаримов пен Аружан Оразбайға берілді.

Шара соңында осыдан 20 жыл бұрын бітірген 1998 жылғы мектеп түлектерінің тартуы  ретінде Кеңес Одағының Батыры Ерденбек Ниетқалиевтің ескерткіш мүсіні ашылды. Ескерткішті ашу құрметі  аудан әкімі Азамат Сафималиев пен 1998 жылғы мектеп түлегі Дәурен Темірәлиевке берілді. Ал гүлшоқтарын қою рәсімі ардагер ұстаз Зейін Сапарғалиұлы мен Ерденбек Ниетқалиевтің тумасы Еркінгүл Есеноваға бұйырды.

 

Әсемгүл Әбділдақызы