11.06.2018, 17:42
Қараулар: 246
Сот жүйесіндегі жиын

Сот жүйесіндегі жиын

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Жәнібек аудандық филиалының ғимаратында аудандық соттың ұйымдастыруымен  Батыс Қазақстан облыстық сотының судьялары Махамбет Бақтығұлов, Хабиболла Аманқұловпен кездесу оздырылды. Жиынға  «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының  бірінші орынбасары  Біржан Қуанәлиев,аудандық соттың, Жәнібек ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының, әділет басқармасының, аудандық прокуратураның өкілдері, медиаторлар қатысты.

Басқосуды ашқан аудандық соттың  төрағасы Әсел Жамантаева  аудан бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аудан бойынша атқарылған шаралар төңірегінде баян етті. Сондай-ақ, ол ауданымыздағы белді медиаторларды таныстырды.

Өз кезегінде сөз алған Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Махамбет Бақтығұлов ауданымызға жыл сайын іс сапармен келіп тұратындықтарын жеткізді. Іссапардың мақсаты аудандағы әріптестерінің жұмыс барысымен танысу, бағдар беру, құқықтық сұрақтары бар тұрғындармен кездесу болып табылады. Судья медиаторлардың пайдасы, сот  жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа әдістердің  тиімді төңірегінде тоқталды. Ал Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы, судьялар этикасы  туралы  комиссиясының төрағасы Хабиболла Аманқұлов «Виртуалды сот», «Түнгі сот»  сынды жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде кеңінен тоқталды. Басқосуда медиаторлар Болат Закарин бітімгер туралы қарапайым халыққа түсіндіру қажеттігі жөнінде пікірін айтса, Бекет Әліпқалиев те тақырып төңірегінде өзіндік ойын ортаға салды.

Жиынды төраға Әсел Жұмағұлқызы қорытындылады.

Кездесуден соң облыстан келген судьялар  жеке сұрақтарымен келген  тұрғындарды  қабылдады.

Ә.Қуанғалиева