1.09.2018, 10:57
Қараулар: 498
Жаңа оқу жылы басталды

Жаңа оқу жылы басталды

Бүгін жүздері  қуаныштан бал-бұл жайнап, құшақтарын гүлге толтырған оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар мектепке асықты. Өйткені оқушылардың ала жаздайғы асыр салып ойнаған, демалып, тыныққан мерзімдері аяқталып, жаңа оқу жылы басталды.

Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек – «Білім күні»  мерекесін аудан орталығындағы № 1 мектеп-лицейі де атап өтіп, жаңа 2018-2019 оқу жылына қадам басты. Салтанатты жиынға облыстық жастар саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақберген Әбуов, аудандық ішкі саясат  бөлімінің басшысы Жанар Қошанова, аудандық  білім беру бөлімінің  әдіскері  Толқын Кисекова қатысты. Сондай-ақ жиынның құрметті қонақтар легінде ардагер ұстаздар Тамара Ермұханова, Фариза Батырбековалар болды.

Алғаш болып сөз алған мектеп директоры Сапар Мәмбеталиев жиналған қауымды жаңа оқу жылымен құттықтап, өткен оқу жылында білім ошағының жеткен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар мектеп түлектері арсынан грант иегерлерін атап өтті. Мектеп басшысының айтуынша, биыл мектеп табалдырығын елу оқушы аттап, 1 сыныпқа қабылданып отыр. Өз кезегінде құрметті қонақтар Бақберген Талғатұлы, Жанар Диясқызы да жылы лебіздерін жеткізді. Ардагер ұстаздар атынан сөз алған Тамара Захарқызы ұстаздардың алдында тұрған зор жауапкершілікті айта келе, әріптестеріне шығармашылық табыстар тіледі.

Ал бірінші сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндердің тақпақтары көңіл қуантты.

Жиындағы ең маңызды сәт алғашқы қоңырауды соғу рәсімі 11-сынып оқушысы, оқу үздігі Диас Ғимран мен 1-сынып оқушысы Аймира Ғаббасоваға бұйырды.

Салтанатты жиыннан соң оқушылар әр сыныпта өтетін тәрбие сағаттарына тарасты.

 

Ә.Қуанғалиева