3.10.2018, 11:25
Қараулар: 31
Мектептегі шарапатты шара

Мектептегі шарапатты шара

Т.Жароков атындағы орта мектебінде   Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, қазақтың өр дауысты өршіл ақыны Тайыр Жароковтың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынға арналған кабинет ашылды. Кабинетке ақынның шығармашылығынан сыр шертер туындылары, әр жылдары баспасөз беттерінде  жарияланған мақалалары қойылған. Мектеп директоры Сержан Қошановтың айтуы бойынша, алдағы уақытта кабинетте үлгерімі жоғары, үздік сынып оқитын болады. Ұстаздар мен оқушылар кабинеттің салтанатты түрде  ашылуының куәсі болды. Шарапатты шараға қатысқан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова кабинет лентасын қиды. Әрмен қарай шара «Болғасын қазағымда  арқалы ақын, Біздің мектеп  ұстанды Тайыр атын!» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Кеште тарих пәнінің мұғалімі Жасқайрат Каргин ақынның жүріп өткен жолы, елге атқарған еңбегі  хақында баяндаса,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын  Назгүл Кәрімова арнау айтты. Оқушылар Тайыр ақынның ғұмырлы жырларын мәнерлеп оқып, әуелетіп ән шырқап, мың бұрала би билей  кештің көркін қыздырды.

Ә.Сірәлі