29.10.2018, 9:31
Қараулар: 750
Бірлік бар жерде тірлік бар

Бірлік бар жерде тірлік бар

Жәнібек ауданының Борсы ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының  ауқымында ауылдық округ әкімдігінің, шаруа қожалықтары жетекшілерінің ұйымдастыруымен жерлестер форумы өтті. Жиынға келген меймандар мен ауыл жұртшылығы  алдымен ойшыл ақын Ғұмар Қараштың кесенесіне барып тәу етті. Мәдениет үйінде өткен форумда аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов жиналған қауымды құттықтап сөз сөйледі. Алқалы жиында Борсы ауылы алғаш өз алдына отау тігіп құрылғанда осындағы сегізжылдық мектептің директоры болған Нұрымбек Жапақов, ауылдың байырғы тұрғыны Ғайнолла Есенғалиев, ауылдық округ әкімі Айгүл Бекқалиева ауыл өміріне байланысты естеліктер айтты. Бұрын Борсы ауылында тұрған, қазір Орал қаласының тұрғыны, белгілі суретші  Нұрбек Жәрдемов жерлестер форумында сөз алып, мектепке өзінің салған суретін тарту етті. Шаруа қожалығының жетекшісі Мейірбек Наурызалиев жиында сөйлеген сөзінде ауылдағы кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары бірігіп, балаларға замана талабына сай ойын алаңын орнату жөніндегі ұсынысын жеткізді. Ауылдағы Ғ.Қараш атындағы мектептің оқушылары Құзайыр Аслан, Дияр Дарын ғұлама ақын Ғұмар Қараштың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Форумда Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестер ескерткішіне гүл шоғы қойылып, сол маңға тал егу рәсімі болды. Бұдан соң дала қызықтары басталып, ауыл көркемөнерпаздары ән мен биден шашу шашты. Тойтөбеде өткен тай жарысында Қазталов ауданынан келген шабандоз Зинолла Мейрамбектің тұлпары бірінші орын алса, құнан жарыста Бекзат Рамазановтың аты алдына жан салмады. Аламан бәйгеде Ақжайық ауданының шабандозы Бақберген Мыңбаевтың сәйгүлігі мәре сызығын алғашқы болып қиды. Қазақша күрестен өткен сайыста жәнібектік Мейрамбек  Дошымов ешкімге дес бермей «Түйе палуан» атағын жеңіп алса, ат үстіндегі аударыспақтан Тау ауылынан Досбол Төлепбергенов бірінші орын алды. Арқан тартуда аудан орталығынан келген командаға тең келер ешкім болмаса,  борсылық Мақсат Қаменов 40 келі қойды 51 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.

                                                                                    Н.Өтей

                  Толығырақ аудандық «Шұғыла» газетінен оқи аласыздар.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар