5.11.2018, 12:06
Қараулар: 36
Пейілі кең Дархан

Пейілі кең Дархан

Жәнібек ауданының Тау ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес аудан бойынша биылғы «Туған жер» бағдарламасы ауқымында Тау ауылындағы «Қайрат» бөбекжайының айналасын қоршау жұмыстары жүргізілуде. Аталған ауылдық округ әкімі Кенжебек Еркеғұловтың айтуынша, бұл игі іске мұрындық болып отырған ауылдағы шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Зайнуллин атты азамат.

— Бөбекжайдың сыртқы қоршауы ұзақ жылдар сыммен қоршалып, ол әбден тозығы жетіп, көзге көрнексіз көрінетін еді,-дейді ауыл әкімі. — Қазір Дархан оның айналасын қоршайтын материалдар алып келді. Бөбекжай қызметкерлері мен ауыл жігіттері бірлесіп, бөбекжай төңірегіне су жаңа қада қағып, қоршауда.

Осы оң істі қолға алған Дархан: — «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде ауылыма қандайма болмасын көмегімді тигізгім келіп, ауыл әкімінен: «Шешімін таппай тұрған тұрған қандай істер бар, мүмкіндігінше қол ұшымды берейін»,-дегенімде ол осы жұмысқа жәрдемдесуімді ұсынды. Міне, өзіңіз көріп тұрғаныңыздай, бөбекжайдың айналасын қоршауды бастап кеттік, — дейді ол.

Ауылдағы «Қайрат» бөбекжайының директоры Алтынай Қарашева шаруа қожалығы жетекшісінің бұл ісіне ризашылығын білдірді. –Бөбекжай маңы қоршауының сүреңсіз, сұрқай тартып тұрғаны көптен көңілімді мазалайтын.  Дархан жас бүлдіршіндер  үшін жақсы, ізгі іс жасап, ауыл адамдарын қуантып отыр. Ата-аналар бөбекжайға демеушілік жасап, балаларға арналған ойыншықтар алып берді. Олардың бұл қолдауына разымын,-деді бөбекжай директоры өз сөзінде.

         Н.ӨТЕЙ