10.11.2018, 17:25
Қараулар: 51
Жәнібектегі жәрмеңке

Жәнібектегі жәрмеңке

Бүгін Жәнібек ауылының орталығындағы алаңда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай кең көлемді жәрмеңке ұйымдастырылды. Аудан әкімі Азамат Сафималиев бастаған аудан активі мен көршілес Волгоград облысынан арнайы келген қонақтар алдымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі шығарған кітап және ауданымыздың тұмса табиғаты бейнеленген фотосурет, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі, ауданымыздағы басқа да жеке кәсіпкерліктер шығарған түрлі бұйымдар көрмесімен танысып, азық-түлік, ауыл және мал шарушылығы өнімдері қойылған сауда сөрелерін аралап шықты.

Бұдан кейін аудан басшысы Азамат Сафималиұлы орталық алаңға жиналған жұртшылықты ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтап, бір топ сала қызметкерлеріне медальдар мен түрлі аталымдарды салтанатты түрде табыс етті. Бұдан кейін келген қонақтардың атынан Палласовка қаласының мэрі Валерий Смирнов пен Волжск қаласы қалалық округі басшысының орынбасары Руслан Никитин мейрамға орай жерлестерімізге өздерінің ізгі тілектерін арнап, шағын сый-сияпаттарын табыс етті.

Осыдан соң аудан әкімі бастаған қонақтар сол маңдағы «Әлем», «Хайруш», «Ерғазы» шаруа қожалықтары әкелген асыл тұқымды түйе, ірі қара, жылқы, қой тұрған көрмені тамашалады. Сондай-ақ «Алтын ұя» бөбекжайында, аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология, мектептен тыс жұмыстар  орталықтарында, Т.Жароков атындағы ЖББОМ-ның ІТ-сыныбында, облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінде болып, оларда атқарылып жатқан жұмыстардың барысына жан-жақты қанықты, таяуда пайдалануға берілген ауылдың солтүстік-шығыс бетіндегі тұрғын үйлердің сыртқы көрінісімен танысты.

А.ЕСІРКЕПОВ