16.11.2018, 17:17
Қараулар: 11
Ғылыми жобалар талқыланды

Ғылыми жобалар талқыланды

Бүгін Т.Жароков атындағы мектебінде «Қосымша білім беру педагогтерінің шығармашылық әлеуетін арттыру арқылы кәсіби деңгейін көтеру» атты аймақтық семинар болып өтті. Басқосудың мақсаты – ғылыми-техникалық шығармашылық қызметіндегі теориялық және практикалық жетістіктерін кеңінен насихаттау мен тарату, техникалық шығармашылық үйірмелерінің жетекшілеріне арналған құрастыру және жобалау бойынша әдістемелік, практикалық көмек көрсету болып саналады. Семинарға облыстық, Ақжайық, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Қазталов, Жәнібек аудандары шығармашылық орталықтарының басшылары мен қосымша білім беру педагогтер қатысты.

Сөз аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешовке берілді. Ол өз кезегінде семинарға келген қатысушыларға «қош келдіңіз» айтып, сәттілік тіледі.

Аудандық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығы бард әндер үйірмесінің «Альтаир» тобы Меңдігүл Қуанәлиеваның жетекшілігімен «Астана» мен «Жәнібегім» әндерін орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан соң семинар өз жұмысын бастап кетті. «Ғылыми жобаларға қойылатын талаптар», «Ғылыми жобаларды жасауда Google қосымшаларының мүмкіндіктерін пайдалану» және «Желілік жобалар жасау технологиясы» туралы облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының қосымша білім беру педагогтері Ақан Бижанов, Марс Мақсот пен Әйбек Мирғалиев айтып өтті. Сондай-ақ «Уондер» марсоходы мен «Ознакомление с радиоуправляемой автомоделью Багги» жобаларын Бөкей Ордасы аудандық балалар техникалық шығармашылығы орталығының қосымша білім беру педагогтері Нұрмұханбет Мұстафин мен Әділхан Махимов таныстырды. Сонымен қатар схемалық планер жасау жолдарын Жаңақала аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығының  қосымша білім беру педагогі Бауыржан Қаратаев түсіндірсе, «Robofermer» туралы Жәнібек аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығының қосымша білім беру педагогі Мақсат Өтепбергенов  баяндады.

Семинар барысында қатысушылар пікірталасқа қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Ақан Бижанов қатысушылардың үлкен бір тобына сертификат табыс етті.

Гүлзара Төреғалиева