20.11.2018, 18:24
Қараулар: 31
Жұмыс сұраушылар көп

Жұмыс сұраушылар көп

Бүгін Жәнібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жақсылық Абдолов бастаған құрамына аудан әкімі аппаратының басшысы-әдеп жөніндегі уәкіл Асхат Молдағалиев және дербес бөлім басшылары енген топ Ұзынкөл, Ақоба, Күйгенкөл ауылдық округтерінде болып, «Ашық әкімдік» күнін өткізді.

Үш ауылдық округте қабылдауға жазылған тұрғындардың басым көпшілігі жұмыс сұрап келді. Мәселен, Ұзынкөл  ауылдық округінің 8 тұрғыны қабылдауға жазылса, оның 7-еуі тұрақты жұмысқа орналастыруды өтініш етті . Ал Ақырыс Дүйсенованың орнына келген Жаңылсын Чукина зейнеткердің үйіне табиғи газ өткізуін сұрады. Соның ішінде Майя Нысанбаева жұмыс сұраумен бірге ауыл маңында бұралқы иттердің көптігі мен өзі тұратын көшеде жарықтың жоқтығын да айтты. Ақобалық Ғалия Қуанғалиева мүмкіндігі шектеулі баласына әлеуметтік қызметкердің қажеттігін айтса, Аягөз Батанова, Зүлфара Берекетова тұрақты жұмысы жоқ екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ  Күйгенкөл ауылдық округінде де қабылдауға келгендердің көбі дерлік өздерін жұмысқа орналастыруға көмектесу жайын айтты. Аталған ауыл тұрғыны Жеміс Бисенова «Қазпошта» қызметкеріне көңілі толмайтындығын білдірсе,  Лариса Сарбалина «Жағалау»  көшесіндегі алты үйде газ қысымы нашарлығын сөзіне сүйеніш қылды.

«Ашық әкімдік» барысында жергілікті тұрғындардың мәселесі мен мұң-мұқтажын мұқият тыңдаған аудан әкімінің орынбасары мен мекеме басшылары көтерілген мәселелер бойынша алдағы уақытта жұмыстанатындықтарын жеткізді.

Лаура ХАЛИНА