23.11.2018, 10:46
Қараулар: 15
Атына қайта қонды

Атына қайта қонды

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып отырып, Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығына, бабаларымыздың батырлығына тағы бір мәрте қанықтық. Ертегідей ескі заманның өзінде даланың дүлдүлі сәйгүлікті қолға үйретіп, болатты балқытып, темірден түйін түйіп, дала заңына бас ұрған данышпан қазақ екені тайға таңба басқандай жазылған бұл мақалада.

Даламыздан Алтын адам табылып, Ұлы Жібек жолы жүріп өткен Алтайдың Түркі әлемінің алтын бесігі атануы заңдылық. Енді осы бай тарихымызды түгендеп, өткенімізді жаңғырту жолында «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасының маңызы айтпаса да белгілі. Себебі ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материалдар шаң басқан архивтер мен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне осы орайда мемлекет басшысы ұсынып отырған  «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы дала тұлғалары» сынды жобалардың мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше болмақ.

Сонымен қатар мақалада айтылған адамзаттың ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабиді өмірге әкелген Отырар, Қожа Ахмет Яссауи ілім алған Түркістан қалаларын тарих сахнасында қайта жаңғыртып, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобасы негізінде бейбітшіліктің символына айналған Астананың түркітілдес халықтардың ортақ үйіне айналары сөзсіз. Жоғарыда айтылған тарихи тың деректер мен архивтерден табылған құнды құжаттар болашақта жаңа деректі және көркем фильмдердің сценарийлеріне арқау болары анық.

Қорыта айтқанда,  ұлттық санасы жаңғырып, рухани жаңғыру жолында тарихын түгендеген қазақ атына қайта қонды.

Бекет Әліпқалиев,

аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы