24.11.2018, 20:33
Қараулар: 75
Үміткерлер ұсынылды

Үміткерлер ұсынылды

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ауыл әкімін сайлауға байланысты Ұзынкөл ауылында болып, аталған ауылдық округі әкіміне кандидаттарды ұсыну бойынша жергілікті қауымдастықпен консультация өткізді.

Өздеріңізге мәлім, басқа жұмысқа ауысуы мен отбасылық жағдайына байланысты Алтай Бақтығалиев өз еркімен жұмыстан босату жөніндегі өтініші бойынша атқарып отырған лауазымды қызметінен босатылды. Осыған сәйкес «Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сай Ұзынкөл ауылдық округі әкімі лауазымына аудан орталығындағы А.Оразбаева атындағы мектептің директоры Маркс Нұфтығалиевтің, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Райымбек Жұманиязовтың, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Арман Түйебаевтің кандидатураларын ұсынамын, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Жиын барысында ауыл тұрғындары кандидаттыққа ұсынылғандар ауыл әкімі лауазымына сайланған жағдайда ел игілігі жолында бірлесіп, қоянқолтық жұмыс істеуге әзір екендіктерін білдірді. Жергілікті қауымдастықпен өткізілген консультация соңында кандидаттардың сайлауға түсуге келісімі негізінде жоғарыда аталған үш тұлға Ұзынкөл ауылдық округі әкімі лауазымына кандидат етіп ұсынылды.

Ж.Ахметкереев