28.11.2018, 22:03
Қараулар: 504
Мерейтойға арналған шырайлы кеш

Мерейтойға арналған шырайлы кеш

Бүгін аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрылғанына 50 жыл толуына орай мерекелік қорытынды концерт болып өтті. Кеш аудандық мәдениет үйінің фойесінде арнайы дайындаған көрмені тамашалаудан басталды. Бұдан кейін жиналған қауымға спорт мектебі туралы түсірілген деректі фильм LED-экран арқылы көрсетілді.

Құттықтау сөз аудан әкімі Азамат Сафималиевке берілді. Ол өз кезегінде мектепті мерейтоймен шын жүректен құттықтап, осы салада ат салысып жүрген барша қауымға дендеріне саулық, отбасыларына бақ-береке тіледі. Одан кейін аудан әкімі бір топ азаматқа спорт мектебінің 50 жылдығына арналған төсбелгі тақты. Атап айтсақ, мектептің алғашқы іргетасын қалаушы және директоры  Ғұмар Ізбасов, ардагер-спортшы, жеңіл атлетика жаттықтырушысы Серік Масанов, спорт ардагері, үстел теннисінің жаттықтырушысы Тельман Ғұсманов, ардагер-спортшы, волейбол ойынының жаттықтырушысы Тахир Қадимов, мемлекеттік қызметкерлерден құралған волейболдан аудан құрама командасының белді ойыншысы Алмат Қаратаев, ауданда ұлттық спорт ойындарын қолға алып, аз уақыттың ішінде нәтижелі жетістіктерге қол жеткізген, БЖСМ-нің директоры Орынбасар Ғилымов, белбеу күресінен екі дүркін әлем чемпионы Нұрлыбек Хайруллин, ауданда шағын футболдың негізін қалаушы Айдос Нұрбаев және ардагер-спортшы, волейболдан облыс жеңімпазы Ғиният Құбашев. Сонымен қатар бір шоғыр аудан спортшыларына аудан әкімінің алғысхаты табыс етілді. Сондай-ақ аталымдар бойынша үздіктер анықталды. Нақтырақ айтсақ, «Ардагер спортшы», «Ұлттық спортты насихаттаушы», «Үміт артар спортшы», «Жыл серпілісі», «Үздік спортшы», «Үздік жаттықтырушы», «Рухы қайсар жан», «Бұқаралық спортты дамытудағы үздік ауыл» аталымдары тиісінше Елеусін Зинуллинге, Нұрболат Шағыровқа, Рустам Ұзақбаевқа, Мирас Берікбаевке, Аяби Мардановқа, Бейбіт Ароновқа, Ринат Қалмияровқа және Жақсыбай ауылына бұйырды. Сол сияқты балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов аудан спортының дамуына зор үлес қосып келе жатырған қарамағындағы қызметкерлерді марапаттады.

Шара барысында аудандық көркемөнерпаздар мен спорт мектебінің өнерлі жастары сахна төрінде әннен шашу шашып, домбыраны күмбірлетіп мерекелік кештің шырайын ашты. Сонымен қатар «Інжу» би тобы мың бұрала билеп, облыстық «Айбынды жігіт» байқауының жүлдегері Досжан Үмбетәлиев бүлдіршіндерімен бірге өнерлерін ортаға салды.

Гүлзара Төреғалиева,

Суреттерді түсірген Лаура Халина