6.12.2018, 11:54
Қараулар: 693
Тұлпар тұяғының дүбірі

Тұлпар тұяғының дүбірі

Елбасының жеті бөлімнен тұратын мақаласының бірінші бөлімі «Атқа міну мәдениеті» деп аталуы бекер болмаса керек-ті. «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының  тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді», — деген Елбасы қазанаттың қазақтың өміріндегі салмағын саралап, жылқының ерекшелігін даралап «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деп түйіндепті.

«Арудан асқан  жан бар ма?! Жылқыдан асқан  мал бар ма?! Биенің сүті сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?!» деп Ақтамберді жырау жорықты жолдардың  шежіресін жауһар жырларында төгілте жырлағандай, айтар ойыңды көзіңнен ұғар есті жануар жылқы малын серігім деп танып,  жаугершілік заманында, Ұлы Отан соғысының отты жылдарында  атты әскер сапында  ғажайып ерлік көрсеткен, жаудың  қолын  елінің жағасына жеткізбеген, халқын дұшпанның ащы табасына қалдырмаған, жанын ары үшін құрбан еткен, адал ұл боп  анадан туып, ел тірегіне  айналған  батырларымыз  сенімді серігі – тұлпарына   қарыздар.

Қазақ – жылқы  мінезді, рухы от, намысы шоқ батыр халық деп бекер айтпасақ керек-ті.  Жаугершілік заманда үйдің белдеуінде аты байлаулы, найзасы тігулі тұрмай, елін қорғауға жаяу бара алмай, жолдастарынан қалып қоюды әр жігіт өзіне намыс санаған. Басқа түліктер адамға қызмет етуге ғана жаратылған болса, жылқы – ердің қанаты. Бай тілімізде жылқыға қатысты ұғымдар өте мол. «Азамат болды» деген  ұғымның өзін  «Ат жалын тартып мінді» деп жатамыз. Жолы болған жігітті «Аты озып тұр» дейміз. Ұрпақ алмасады деген ойды «Ат тұяғын тай басар» деген тіркеспен жеткізе береміз. Көшелі адамның  баласын, үрім-бұтағын  «Тұлпардың тұяғы» десек,  жұбын жазбай бірге өскендерді «Тай-құлындай тебіскен», аттың мінезін жақсы білетін епті де алғыр адамды  «Ат  құлағында ойнайды»,  іске белсене кірісіп, нақты мақсат қоя білген жанды «Ат құйрығын шарт түйді»,  байырғы  құрбы-құрдас, сырлас жандарды «Үзеңгі жолдас» деп сипаттасақ, «Қазақ жылқы мінезді» деп халқымыздың психологиялық болмысын айтқындаймыз.  Өзгеге пейілімізді білдіріп, алғаусыз тілегімізді ақтарғанда да жылқы малына қатысты сөз тіркестерін пайдалануымыз  заңдылық. Талабың оң, қадамың сәтті болсын дегенді «Құйысқаның берік болсын», ұлың айтулы  азамат болсын деген ақ пейілімізді  «Ат ұстарың өзіңе тартсын»,  әбден бабында тұрған, алымды да шалымды қайратты адамды «Бәйге атындай жаралған» деп таңғалсақ, сымбатты денесі көз тартар жанды «Құлын мүшесі бұзылмаған» деп түйеміз.

Мемлекетіміздің қасиетті рәміздерінің бірі болып табылатын Елтаңбамызда бедерленген қанатты пырақ бейнесі заңғар биікке самғауды, келешекке ұмтылуды, армандауды білдірсе,  ширатылған мүйіз қайсарлықты, қайратты, сес пен айбатты айшықтайтынын білеміз.  Жаудың  мысын басып, сағын сындырып,   өзінің айбарын асыру, айбынын тасыту  мақсатында  «Мүйізіңді қағып алайын ба?» деп айбаттану содан қалса керек.

Ауданымызда  2015 жылы  аудан әкімдігінің қолдауымен ат спортын дамыту, насихаттау бағытында   балалар-жасөспірімдер  спорт мектебінің  жанынан  ашылған  «Көкпар» үйірмесінің жұмысына сырттай риза болып отырамыз. Бүгінде бапкер Бейбіт Аронов басқаратын үйірмеде    жеткіншектердің  жамбы ату,  көкпар,  аударыспақ, теңге ілу  секілді ұлттық ойындарымыздың қыр-сырына қанығып, аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіндегі  ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушыларды   ат спорты-иппотерапиямен  емдеу мақсатында ат спорты базасына жаттықтырып жүргендігін, оның оң нәтиже бере бастағанын ілгеріде мақаламызға арқау еткен болатынбыз.

Ата-бабаларымыз ұлан-байтақ жерімізді сәйгүлікпен қорғап, бізге аманаттап кетсе, Қамбар ата түлігін сақтау – бізге серт болмақ.

 

                      Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

облыстық  тарихи-өлкетану музейінің

Жәнібек аудандық музей

бөлімінің меңгерушісі