7.12.2018, 16:10
Қараулар: 485
Ғұмар Қараш оқулары оздырылды

Ғұмар Қараш оқулары оздырылды

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ауқымында облыстық «Ғұмар Қараш оқулары» шығармашылық байқауы оздырылды. Шара алаштың айбоз ұлы, Жәнібек жерінің төл перзенті, ақын, ойшыл, журналист Ғұмар Қараштың аудан орталығындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Ардақты арысымызға гүл шоқтарын аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев қойды. Бұдан әрі аудандық мәдениет үйінің фойесінде ақынның шығармашылығынан сыр шертер «Көрікті ойдың көркем бейнесі – Ғ.Қараш» атты кітап көрмесі тамашаланды.

Сахнаға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Кәримоллаұлы көтеріліп, облыстың білім және мәдениет саласына алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Ғұмар Қараш оқуларына» Орал қаласы, Бөрлі, Жаңақала, Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарының мектеп оқушылары қатысты. Айта кету керек, байқауға облыстың барлық аудандары шақырылған болатын. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан кейбірі келе алмай қалды. Шараның бірінші бөлімінде ақынның өлеңдері мәнерлеп оқылса, екінші бөлімінде жас ақындардың Ғ.Қарашқа арнап шығарған жыр жолдары мен поэмасына кезек берілді. Екі бөлім бөлек-бөлек бағаланды.

Сайыста 12 оқушы бақ сынады. Әділқазылар алқасының шешімімен мәнерлеп оқу бойынша Альбина Жасқайратова «Бас жүлде» (Жәнібек), бірінші, екінші, үшінші орындарды сәйкесінше Жанерке Ерменова (Бөрлі), Аймырза Абайұлы (Жаңақала) және Айлана Әлжапар (Орал) иемденді. Ал «Жеңіске деген жігері үшін», «Жас талант», «Көрермен көзайымы», «Белсене қатысқаны үшін» аталымдарына тиісінше Аружан Сырым (Жәнібек), Саян Ерсайын (Орал), Дияр Дарын (Жәнібек), Аружан Насырова (Бөкей Ордасы) ие болды.

Жас ақындар байқауының қорытындысы бойынша «Бас жүлде» Жанерке Ерменоваға (Бөрлі), 1-орын Дильназ Дидарқызына (Жаңақала), 2-орын Еркежан Ғилымхановаға (Жаңақала) және 3-орын Ұлпан Сағынғалиеваға (Жәнібек) бұйырды. Сонымен қатар Бекнұр Есенболат (Бөкей Ордасы) «Жас дарын», Саян Ерсайын (Орал) «Жас ақын» аталымдарымен және Дияр Дарын мен Альбина Жасқайратова (екеуі де Жәнібек) «Белсене қатысқаны үшін» дипломына ие болды. Жүлделі орын алған оқушылар диплом мен бағалы сыйлықтар, жетекшілері аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

         Гүлзара Төреғалиева