10.12.2018, 18:39
Қараулар: 150
Ақобаға таза су келді

Ақобаға таза су келді

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Ақоба ауылына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында таза әрі сапалы ауыз су келіп жетті. Ауыл халқының қуанышына аудан әкімі Азамат Сафималиев арнайы келіп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Мұрат Мұқанбетқалиев облыс, аудан басшыларына ризашылығын жеткізіп, өз жанынан шығарған өлең шумақтарын арнады.

Ауданнан шалғайлау жатқан Ақобаны кезінде «болашағы жоқ ауыл» деп те атаған. Алайда, биыл күрделі жөндеуден өткен фельдшерлік-акушерлік пункт қайта пайдалануға берілді. Міне, ауыз су да келді.

Аудандық сәулет, қала құрылысы          және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Адиевтің бізге берген мәліметіне сүйенсек, ауыз су құбырының құрылысы үстіміздегі жылдың сәуір айында басталып, оған республикалық және облыстық бюджеттен 280 млн. теңге бөлінді. Құрылысты жүргізуші мердігер «Жайыгазсуқұрылыс» ЖШС он алты шақырымдық су құбырын тартып, 177 тұрғын үйге және 6 әлеуметтік нысанға ауыз су кіргізілді. Ауылға су көзі төрт скважинадан тартылып отыр. Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде 50 текше метрлік су қысымды мұнарасы тұрғызылып, 200 текше метр резервуар, насос станциясы салынды. Су тұшытқыш қондырғысы орнатылды.

Ақоба ауылының тұрғыны, жеке шаруа Аманбай Оразбаев пен зайыбы Рабиға Баякина бізбен қуаныштарымен бөлісті.

— Ауылға су келеді деп естігеннен бастап, жуынатын бөлмені, ас үйді даярлап, әзірлендік. Көңіл қуантарлық жағдайға жеткенімізге өте қуаныштымыз. Еліміз өркендей берсін. Осындай жетістіктерге жеткеніміз үшін Елбасымызға, облыс, аудан, ауыл басшыларына үлкен алғысымызды айтамыз, — дейді олар.

Гүлзара Төреғалиева