12.12.2018, 17:46
Қараулар: 7
Тәуелсіздік хақында ой өрбітті

Тәуелсіздік хақында ой өрбітті

Бүгін аудандық мәдениет үйінің фойесінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тірегі, қайсар рухты –Қазақтың!»  атты шара оздырылды.

Аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Ғарифоллақызы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың  атынан аудандық  «Шұғыла» газетінің жауапты хатшысы Асқар Құсайынов, Т. Жароков  атындағы мектептің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Жасұлан  Құмашев, аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығының мұғалімі Самиғолла Лұқпанов, А. Оразбаева атындағы мектептің   сурет және технология пәнінің мұғалімі Есенгелді Жексенов,  Х.Халиуллин атындағы мектеп директорының міндетін атқарушы Ержан  Ілиясов, аудандық демалыс орталығының әдіскері Ақнұр Азаматова, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал  Ахметоваларды Алғыс хаттармен марапаттады.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова, аудандық ардагерлер  кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиевтер мерекелік құттықтау лебізін жолдай отырып, жеткіншектерге біздің бабаларымыздың ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты  қорғап  қана қоймай, олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады, сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті деген пікір төңірегінде ой өрбітті.

М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің студенттері Бақытжан Әміров, Қанағат Қабдолов, Айымгүл Сағынғалиева, Дәулетияр Амангелдиев,Қарлығаш  Өктешова, Күнсұлу Жұмаева, Мүгүлсім Садықовалар ұлт басына қауіп-қатер үйірілген кезеңде, ұлтымыздың рухын ояту, тілін дамыту, өнерін өсіру, мәдениетін нығайту, яки қазақтың өзіне деген сенімін бекіту үшін ел тілегімен дүниеге келген ұлы тұлғалар хақында монологтар оқыды.

Кеш барысында марқұм Сүйінғали  Шүкіровтың жары, Т.Жароков атындағы мектептің технология пәнінің мұғалімі Гүлсара Шүкірова, Ақоба ауылдық округіндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің меңгерушісі Айгүл Дүйісовалар сөз сөйлеп,  Желтоқсан көтерілісі  туралы естеліктерімен бөлісті. Аудандық музейдің меңгерушісі Меңдігүл Ғарифоллақызы Айгүл Дүйісова мен Гүлсара Шүкіроваларға алғысын айтып, «Алаштың қызы Гүлнар» атты естелік-эссені сыйға тарту етті. Т.Жароков атындағы және А.Оразбаева атындағы мектептердің оқушылары тәуелсіздік туралы жырдан шашу шашып, көрермендер назарына  халқымыздың тәуелсіздік жолында тер төккен арыстарының қызметі мен тарихи шежіреміз толық қамтылған бейнеслайд ұсынылды.

А.ЕСІРКЕПОВ