13.12.2018, 10:52
Қараулар: 18
Алтынбектің ән кеші

Алтынбектің ән кеші

 

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Ақоба ауылының тумасы Алтынбек Қаресовтың «Сіз жайлы» шығармашылық ән кеші өтті.

Сахна шымылдығын кеш иесі Нұртай Текебаевтың сөзіне жазылған «Дала рухы» әнімен ашып, көрермендерге өзінің жылы ілтипатын білдірді.

Кеш барысында Алтынбек Қаресовтың  «Жәнібегім», «Алла разы болсын» әндерін Райымбек Кәрімов шырқады. Алтынбек бала кезінен өнерге жақын болып өсті, туған жері Ақоба ауылында Х.Халиуллин атындағы ЖББОМ-да оқып жүрген кезінен ән салып, көкірекке сыр ұялатқан жерлес ақындар Халима Өтеғалиева, Жанғали Мырзалиев, Қыдыр Оразов, Дәулеткерей Құсайынов сынды ақындардың жырларынан нәр алып, бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Кеш барысында әншінің ата-анасына құрмет көрсетілді.

Қазақ  халқының көрнекті мемлекет қайраткері, Алаш партиясының белсенді мүшесі, Батыс Алашорда үкіметін құрушы Жаһанша Досмұхамедовке арнаған «Жаһанша», Жанғали Мырзалиевтің сөзіне жазылған  «Жау, жау, тамшылар», «Сыбызғы саз тіршілік»  әнін көпшілікке тарту етті. Сахна төрінде алғаш рет Н.Текебаевтің сөзіне жазылған «Өмір мәні» әнінің тұсаукесері болды.  Кешке Алтынбектің шашбауын көтеріп келген өнерде бірге жүрген досы Айбек Ермеков «Раушан гүлдер», «Мәңгі балам» әнін шебер орындап, көрермендердің жүрегіне жол тапты. Сондай-ақ Алтынбектің өнерде бірге жүрген әріптесі Жандос Таңат  М.Балмолданың сөзіне жазылған «Ғалам» әнін орындаса, Аяулым Хамитова «Ардагер ауданы Жәнібек»  туындысын жұртшылыққа ұсынды. Ол кіндік қаны тамып, туып өскен жері Ақоба ауылына арнаған «Ауыл бірлігі аманат» әнін аккордеонмен шырқады. Сол секілді «Сіз жайлы», «Шын махаббат», «Сағындым сені Айым», «Айтуға оңай» әндерін әуелете салып, кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Кеш ақобалық Райымбек Кәрімов пен Мейрам Бисенғалиевтің орындауында «Жасасын, ұлдары Ақобаның» әнімен әдемі түйінделді.

Сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов Жәнібекке келіп, әнсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны үшін Алтынбек Қаресовке шығармашылық табыс тілеп, аудан әкімінің атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті. Сонымен қатар  кеш иесінің әкесі Қитар аға мен Ақоба ауылындағы ақсақалдар алқасының төрағасы Мұрат Мұханбетқалиев қатысқан жұртшылыққа өз ризашылықтарын білдірді.

Лаура ХАЛИНА