14.12.2018, 22:53
Қараулар: 487
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиналыс болды. Жиын басталмас бұрын көрермендер фойеде дайындалған фотокөрме мен аудандық кітапхана ұйымдастырған «Тәуелсіздік – аңсаған арман, қол жеткен мұрат» атты кітап көрмесін тамашалады.

Аудан әкімі Азамат Сафималиев аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, егеменді еліміздің іргесі берік, аспаны ашық болсын деген тілек білдіріп, елімізде, облыс көлемінде, ауданымызда Тәуелсіздік жылдарында атқарылған, алда атқарылатын жұмыстарды баяндады. Ұлық мейрамда ел дамуына айрықша үлес қосқан бір топ адамға марапаттар табыс етілді. Атап айтсақ, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің құрмет грамотасын М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің директоры Берік Ихсановқа, облыс әкімінің алғысхатын ауыл шаруашылық саласының ардагері Нұрман Түменовке, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимовке, жеке кәсіпкер Төлеген Әмірғалиевке табыс етті. Сондай-ақ еңбек ардагері, үздік меценат, білім, медицина, ақпарат, кәсіпкерлік, спорт, ауыл шаруашылық, құқық қорғау, коммуналдық, мәдениет, қаржы саласының үздіктері сәйкесінше жеке кәсіпкер Самиға Қайырова, ұлттық ат спортының дамуына үлес қосып жүрген, «Қоғалы» шаруа қожалығының жетекшісі Жасұлан Темірғалиев, Ұзынкөл мектебінің жоғарғы санатты физика пәнінің мұғалімі Гүлшара Жапақова, бірінші санатты тәжірибелі дәрігер Арайлым Молдағалиева, аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Асқар Құсайынов, жеке кәсіпкер Ақжарқын Бекжанова, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейболдан бапкер-жаттықтырушы Мирсаид Азимов, Ұзынкөл ауылындағы «Үміт» шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Қуанышқалиев, Талов ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Дәурен Әбдірахманов, «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының дәнекерлеушісі Мектепқали Дәуенов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қорын өңдеу және толықтыру бөлімінің меңгерушісі Асылай Ғабдошева, аудандық білім беру бөлімінде бас экономисі Айгүл Харесова дәстүрлі түрде жыл үздігі атанып, орталық алаңдағы «Құрмет тақтасына» суреттері ілінді. Сонымен қатар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ауқымында ұйымдастырылған фотобайқаудың қорытындысы бойынша бірінші, екінші, үшінші орындарды тиісінше аудандық «Шұғыла»қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Гүлзара Төреғалиева, Борсы ауылдық округі және өлкетанушы Ахмедияр Батырханов алды. Сол сияқты фотобайқаудың «Қас-қағым сәт» аталымына Ахмедияр Батырханов пен Тау ауылдық округінің суретке түсірушілері ие болды.

Мерекелік жиын соңы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Г.МӘДИ