15.02.2019, 16:01
Қараулар: 30
Ауғанда отқа шарпылғандарға арналды

Ауғанда отқа шарпылғандарға арналды

Бүгін Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Осы даталы күн аудан орталығында ауған жауынгерлерінің құрметіне арнап тұрғызылған ескерткіш белгісіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бұдан соң аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ардагерлерді қабылдады. Жәнібек ауданы бойынша ауған соғысына қатысқан жиырма үш жауынгерден бүгінде тек он екісі ғана арамызда. Қабылдау барысында ардагерлер соғыста есте қалған сәттерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, ауған ардагері Набиолла Мекетаев: -Жас ұлғайған сайын аяқ-қол сырқырап, уақыт өте келе денсаулық та сыр береді. Осыған байланысты әкімшілік тарапынан емделу үшін жылға бір рет шипажайға жолдама берілуіне ықпал етуіңізді сұраймын»,-деді. Мерекеге орай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев ауған ардагерлеріне алғысхат табыс етті. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Арман Ахоновтың атынан ардагер Қазыбек Әбдірешевке, Берік Асановқа, Кәрімжан Аткешевке, Тимур Ғиззатовқа, Қанат Қабаевқа, Набиолла Мекетаев пен Ержан Шариповке «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» атты мерекелік төсбелгісін тағып, құттықтау хат табыс етті.

Атаулы күннің жалғасы Т.Жароков атындағы мектепте «Ауған, сөнген шоқ, өшкен арман тек сенен есте қалған…» атты мерекелік концертпен жалғасын тапты. Сондай-ақ, ауған соғысының ардагерлері аудандық музей бөлімінде болып, «Ерлігі ұрпаққа үлгі болған жерлес жауынгерлер» атты арнайы жасақталған көрмені тамашалады.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ