20.02.2019, 9:57
Қараулар: 162
Фортепиано тапсырды

Фортепиано тапсырды

 

1952-1985 жылдары Жәнібек ауылындағы Т. Жароков атындағы  орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған, «Қазақ  КСР халық ағарту ісінің үздігі»  белгісінің, «Құрмет Белгісі» орденінің  иегері, 1978 жылы 26 маусымда  Мәскеу қаласында  өткен мұғалімдердің  Бүкілодақтық III съезінің делегаты, 1984 жылы  28-30 қыркүйекте  Мәскеу қаласында оздырылған ғылыми тәжірибелік конференцияға қатысушы, сөзі – маржан, үні – ән, ұлағатты ұстаз Сафия Жаймұханбетқызындай ұстаздан мыңдаған  жерлестеріміздің білім алғанын мақтаныш етеміз. Аяулы ұстаз Сафия Тұрғалиева  қай кезде де  мектептің жүрегі, қоғамның тірегі бола білді.

Бүгінде Алматыдағы немере-шөберелеріне қыдырып барған Сафия әже бізге қоңырау соғып  жұбайы, балаларының әкесі 1950 жылғы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың түлегі, 1952-1954 ж.ж. Жәнібек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1954-1960 ж.ж. аудандық білім беру бөлімінің инспекторы, 1960-1963 ж.ж. аудандық  партия комитетінің жауапты қызметкері, 1963-1967 ж.ж. аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, 1967-1969 ж.ж. Алматы жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы, 1969 ж. аудандық Кеңес атқару комитетінің хатшысы қызметін атқарған, бірнеше мемлекеттік медальмен марапатталған, 1972 жылы қайтыс  болған Рахым Тұрғалиевтің балаларына қалдырған үлкен сыйы, отбасындағы қымбат жәдігер болып табылатын фортепианоны музейге табыстамақ ойы барын жеткізеді. Әженің айтуынша, қыздары  Зоя төртінші сыныпта оқып жүрген 1967 жылдары кішкене қызының  фортепианоның суретін салып отырғанын көрген Рахым аға «Жақсы музыкант болуға деген талпынысың болса, арманыңды орындайын» деп Орал қаласынан арнайы тапсырыспен сол замандағы ақша құнымен  өте қымбат тұратын осынау музыкалық аспапты  алдырып, қызына сыйлаған  екен. Сафия әже  жарының көзіндей болып, жарты ғасыр бойы үйінің төрінде тұрған жәдігердің ендігі жерде аудандық музейде тұрғанын қош көріпті. Қазір музыкалық аспап аудандық музейде тұр.

А.БАЙБАРАҚ