21.02.2019, 17:30
Қараулар: 30
Ұлттық аспаптарды насихаттады

Ұлттық аспаптарды насихаттады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен Т.Жароков, А.Оразбаева атындағы мектептерде, №1 мектеп-лицейінде оқушыларға қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттау хақында кездесулер өтті. Домбыра, сазсырнай, қобыз, тұяқ, шаңқобыз, шертер, дабыл, асатаяқ сияқты аспаптарды аудандық саз мектебінің сольфеджио және музыка әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Ситешева мен домбыра класының мұғалімі Шынтемір Рамазанов көрсетіп, дыбыстарын тыңдатты. Аудандық саз мектебінің домбыра және қобыз аспаптары класына қатысатын оқушылар күйлер орындап берді.

— Ұлттық аспаптарды мектеп оқушылары қызыға тамашалады. Әрбір оқушы өзіне ұнаған аспапты қолына ұстап, ойнап көрді. Аспаптарды насихаттау кезінде белсенділік танытқан аудандық саз мектебінің оқушылары Гүлназ Мәдиқызы, Ренат Меңешов, Айкөркем Райымбекқызы, Аружан Тельман, Аружан Амангелді, Дарина Әлімжанова және Салтанат Уахитоваға алғысымды білдіремін, — деді Назгүл Ситешева.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ