23.02.2019, 19:28
Қараулар: 187
Шаңғы теуіп сайысты

Шаңғы теуіп сайысты

Бүгін Жәнібек ауылының оңтүстік-батыс бетінде орналасқан «Балдәурен» жазғы демалыс лагерінің маңында «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай аталған партия Жәнібек аудандық филиалының қолдауымен, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұйымдастыруымен аудан мекемелері арасында шаңғы жарысы өтіп, оған тоғыз мекеменің спортшылары қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық білім беру бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Ерсін Қанатов жарысқа қатысушыларды «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығымен және Жастар жылымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысында эстафета қашықтығы бойынша бірінші орынды Т.Жароков атындағы орта мектеп, екінші орынды «Алтын ұя» бөбекжайы, үшінші орынды «Ақбастау» ЖҚБ командасы иеленді. Биатлоннан жүлделі орындарды тиісінше «Алтын ұя» бөбекжайының, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің және Т.Жароков атындағы мектептің командалары өзара бөлісті.
Ерлер арасындағы жеке қашықтықта Нұркен Тұяқов, Рафхат Айтқалиев, Нұрсұлтан Хайрушевтар алғашқы үштіктен көрінді. Қыздар арасындағы жеке қашықтықта Лунара Сабырғалиева, Нәзира Әмірханова, Диана Машауовалардың бағы жанды.
Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды «Алтын ұя», екінші орынды Т.Жароков атындағы орта мектеп, үшінші орынды «Колледж» командалары иемденді. Жүлделі орын алған командаларға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының дипломдары мен сылықтары табыс етілді. Ал белсене қатысқан командалар алғысхатпен марапатталды.
А.ЕСІРКЕПОВ