27.02.2019, 16:45
Қараулар: 14673
Алғашқы форумның әсері мол

Алғашқы форумның әсері мол

Бүгін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудандық «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігі мен аналар кеңесінің ұйымдастыруымен I аудандық «Аналарды ардақтау – асыл дәстүр» атты форум оздырылды. Оған ауылдық округтердегі аналар кеңесінің, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, көпбалалы аналар, түрлі саладағы іскер әйелдер қатысты.

Форум аудандық музей бөлімінде «Ұлттың ұйытқысы Әйел-Ана» атты арнайы жасақталған көрмені тамашалаудан басталды. Бұдан соң форумға қатысушылар аудандық мәдениет үйінің фойесінде дайындалған әр ауылдағы қолөнершілердің бұйымдарымен танысты.

Модератор қызметін атқарған аудандық демалыс орталығы директорының орынбасары Лариса Абдуғалиева форумға қатысушыларға «қош келдіңіздер» айтып, алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Азамат Сафималиевке  берді.

— Баршаңызды ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған аналар кеңесінің форумымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің тәуелсіз мемлекетімізді одан әрі дамыту жолында қосып жатырған үлестеріңіз шексіз. Әрқайсысыңыз өзіңізге жүктелген кәсіптік міндеттеріңізді орындап қана қоймай, күнделікті тұрмыстың ауыртпалығын да көтеріп жүрсіздер. Қазақстанның болашағы болып табылатын өскелең ұрпақты тәрбиелеу қамы да сіздердің нәзік иықтарыңызда. Барша әйел қауымын келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Елдігіміз аман, көк туымыз аспанда қалықтай берсін! – деді аудан басшысы.

Аналар кеңесін құру елдігімізге тән, тарихи дәстүрмен тамырлас бастама. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында консультативтік-кеңесші орган ретінде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде 1774 аналар кеңесі жұмыс атқарады. Біздің ауданда аналар кеңесі 2017 жылы құрылды. Әзірге, аналар кеңесінде он үш адам қызмет атқарады. Аналар кеңесінің қазіргі уақытқа дейін жасалған жұмыстары жайлы аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Сапашева баяндады. Сонымен қатар Тау ауылдық аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Риза Сағынаева өзі қатысқан Талдықорған қаласында өткен республикалық аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы хақында айтты. Көпбалалы ана, өзінің төрт перзентіне қоса қамқорсыз қалған жақын туысының 4 баласын бауырына алып, тәрбиелеп отырған Жаннагүл Исқақова, бала тәрбиесі жөнінде сөз қозғап, барлық әйелдер қауымын келе жатқан мейраммен құттықтады. Сол сияқты форумда сөз алған ардақты ана, «Алтын жіп» тігін цехының басшысы Бәтима Масанова өзінің өмір тарихынан сыр шертті. Аудандық «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова өткен жылы Астана қаласында өткен бірінші ауыл әйелдерінің форумы жайлы өз әсерімен бөлісті.

Форумға қатысушылар Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін шырқап, жиынды аяқтады.

         Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ

Түсініктеме