28.02.2019, 15:42
Қараулар: 27
Спорт деген бір сиқыр

Спорт деген бір сиқыр

Бүгін аудан орталығындағы М.Ысқанов атындағы Жәнібек колледжінде 1 наурыз – Алғыс айту мерекесіне орай аудандық «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жетістік жолы» атты кездесу кеші оздырылды. Басқосуда бокстан жастар мен ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері, облыстың бірнеше дүркін жеңімпазы, спорт шеберлігіне үміткер Қайнар Ишанғали, шағын футболдан облыс құрамының мүшесі, бірнеше мәрте жеңімпаз, Ресей Федерациясы Волгоград қаласында халықаралық турнирдің қола жүлдегері Аяби Марданов және аударыспақтан спорт шебері, ҚР күміс жүлдегері, облыстық «Ақ бидай» спартакиаданың жеңімпазы Бейбіт Аронов осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктері туралы айтты. Сонымен қатар олар спорттың адам өмірінде алатын рөлі өте ерекше екенін атап өтіп, бірнеше мысалдар келтірді. Мәселен, еш нәрсемен  айналыспайтын оқушы немесе студентте уақыт көп болады. Ол уақытын қайда жіберерін білмей ащы су, шылым, насыбай сияқты жаман әдеттерге үйір. Ал спортпен айналысатын жасөспірім күн тәртібін жоспарлап, уақытын тиімді пайдаланады.

Шараға қатысқан студенттер тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, оларға тұшымды жауаптар алынды. Жиын соңында аудандық «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Ғайнуллин келген қонақтарға мерекеге орай шағын сый-сияпат табыс етті.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ