1.03.2019, 16:21
Қараулар: 418
Алғысқа толы басқосу

Алғысқа толы басқосу

Бүгін Жәнібек ауылындағы ардагерлер үйінде 1-Наурыз алғыс айту күніне орай  дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ауылымыздың беделді, елге сыйлы ақсақалдары мен әжелері бас қосты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев сөз алып, жиналған қауымды аудан әкімі, ішкі саясат, қоғамдық емес ұйымдар атынан құттықтап, алғысын білдірді.  Одан кейін Бекет Әліпқалиев, Сәния Ғайнөшева, Ғайнөш-Маржан Дегетаевтар және тағы басқалары көктемнің алғашқы мейрамы — Алғыс айту күні ел мен елді бір-біріне жақындастыра түсетіндігіне тоқталып, жиналғандардың отбасына амандық, дендеріне саулық тіледі. Сонымен қатар «Ақниет», «Надежда» ансамбльдерінің мүшелері  Нұржиян Күншығарова, Наталья Сажина, қазақтан келін алған Ольга Горбачевалар сөз сөйлеп, қазақ халқына, Елбасымызға алғысын айтты. Басқосуға қатысқан ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бекежан Шарафутдинов барша қауымға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген халқымызға ризашылығын жеткізді. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан әзербайжан ұлтының өкілі Тамара Кафарова  елімізге деген жүрекжарды тілегін жеткізіп, ән шырқады. Шара барысында Меңдігүл Қуанәлиева өзінің бард әндер үйірмесінің оқушыларымен қосылып, қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді көрермен назарына ұсынды. Басқосу соңында ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов ақ батасын берді.

Гүлім ҚАБДОЛОВА