1.03.2019, 22:58
Қараулар: 141
Алғыс айту күніне арналды

Алғыс айту күніне арналды

Бүгін аудандық мәдениет үйінде 1 наурыз — Алғыс айту күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты кеш аудан көркемөнерпаздарының әр түрлі ұлт өкілдерінің киімін киген сахна көрінісінен басталды. «Ақмаржан» бишілер тобының «Достық» биі көріністің шырайын аша түсті. Бұдан соң аудан әкімі Азамат Сафималиев мерекеге орай жылы лебізін айтты.

— Құрметті жерлестер! Баршаңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде жүзеге асырылатын барлық шаралардың үйлестіруші институты болып белгіленіп, елімізді мекендейтін ұлт өкілдері арасындағы татулық пен достықты нығайтуда өлшеусіз рөл атқарып келеді. Ел азаматтарының септігімен ауданымызда көптеген ізгі істер атқарылып, маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Әр түрлі салада еңбек етіп жүрген қызметкерлерге, жалпы аудан тұрғындарына зор алғысымды білдіремін, — деді аудан басшысы.

Мерекеге орай аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Тимур Хамзин, өз ісін адал атқарған жан Азихан Төлеуғалиұлы және аудандық учаскелік полиция инспекторы Болатбек Оразғалиев аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Кеш барысында LED-экран арқылы өзге ұлт өкілдерінің, аудан тұрғындарының, оқушылардың айтылған алғыстары назарға ұсынылды. «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі Есбайдың «Ақ ілме» күйін орындаса, аталған ансамбльдің сүйемелдеуімен әзірбайжан қызы Тамара Кафарова халық әнін нықышына келтіріп шырқады. «Надежда» және «Ақниет» ансамбльдері «Земля Казахстана» әні мен қазақ және орыс тілдерінде поппури орындады. Сондай-ақ ауданның әншілері Данабек Үмбетәлі, Амангелді Насипов, Шынар Каюпова, Райымбек Каримов, Қуаныш Аждуов, Еркін Ержан, Қажымұқан Хамидолла, Ақнұр Азаматова, Айшат Хамзина және жас әнші Гүлім Биғали балғын дауысымен көрермендерді сүйсінтті.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ