4.03.2019, 21:16
Қараулар: 443
Тарлан тарихқа таласы бар дарабоз

Тарлан тарихқа таласы бар дарабоз

Жәнібек ауылындағы Т.Жароков атындағы орта мектептің акт залында аудандық музей бөлімінің және аталған білім ұясы тарих пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Сталинград майданының ең жақын тылы болған Жәнібек ауданының жерін соғыс оты шарпып өткенін архивтік құжаттар негізінде дәлеледей отырып «Жаралы жылдар жаңғырығы» атты кітап жазған, тұтқынға түскен, жау қолында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткендердің тауқыметті тағдырлары жөнінде РФ Қорғаныс министрлігінің «ОБД-Мемориал», «Подвиг народа» сайттарындағы архивтік мәліметтерді зерделей отырып анықтауға сеп болған тарихшы, өлкетанушы, журналист Ахмедияр Батырхановтың өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында кездесу кеші өтті.

Кештің беташарында аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова музей бөлімінің бір топ жанашырларын облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың атынан алғысхаттармен марапаттады. Бұдан кейін ол Ахмедияр Қуанұлының өлкетанушылық, журналистік, зерттеуші-редакторлық, педагог-зерттеушілік, фотографтық қырларына егжей-тегжейлі тоқталды. Кеш кейіпкері өзінің ата-анасы, өскен ортасы туралы әңгімеледі. Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев, еңбек ардагерлері Болат Закарин, Қабаш Жүнісов, аудандық демалыс орталығының басшысы Алтай Бақтығалиев, тарих пәнінің мұғалімі Жасқайрат Каргин А.Батырханов туралы естеліктерімен бөлісіп, жылы тілек-лебіздерін білдірді. ҚР Ұлттық музейі имидждік-ақпарат қызметінің басшысы, журналист, ақын, өлкетанушы, дәулескер күйші Дәулеткерей Құсайыновтың Астана қаласынан электронды поштамен жолдаған хаты оқылып, Ахмедияр Қуанұлы хақында айтылған пікірлер бейнекөрініс арқылы тыңдалды, ол туралы әзірленген бейнесюжет көпшілік назарына ұсынылды. Кеш соңында мектеп директоры Сержан Қошанов А.Батырхановқа алғысхат пен бағалы сыйлық табыс етті. Өз кезегінде кеш кейіпкері шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға шынайы алғысын білдірді.

А.ЕСІРКЕПОВ