5.03.2019, 10:36
Қараулар: 187
  Қардың мол түсуі кедергі келтіруде

  Қардың мол түсуі кедергі келтіруде

 

 

Жәнібек ауданы аумағында өткен жылы алдын алуға арналған эпизоотиялық іс-шаралар толықтай орындалған. Бұл туралы аудандық ветеринариялық бақылау және қадағалау инпекциясының басшысы Еділхан Жукеев мәлім етті. Оның мәліметіне қарағанда 2018 жылдың 1 қаңтарына ауданда 42339 бас мүйізді ірі қара, 72542  ұсақ мүйізді қара, 13994 бас жылқы, 108 бас түйе малдары тіркелген. Тіркелген мал басына сібір жарасы, құтырма, қарасан, пастереллез нодулярлы дерматит індетіне қарсы вакцинация жоспарға сай қамтылған. Қан сынамаларын бруцеллез індетіне зерттеу барысында 980 бас мүйізді ірі қара, 64 ұсақ мүйізді қара малы бруцеллезге оң нәтиже көрсетіп, заңнама талаптарына сай арнайы етке сою орындарына тасымалданып, сою арқылы жойылды. Өткен жылы аудан аумағында ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті ауралар тіркелмеген.

-2018-2019 жылдар аралығындағы мал қыстатуға 40290 бас мүйізді ірі қара, 68535 ұсақ мүйізді қара, 13856 бас жылқы, 105 бас түйе малы енді. Олар 105 қыстақта және жеке тұрғындардың қора-жайларында орналасқан. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше аталған мал басына 107175 тонна шөп(оның сыртында 4915 тонна былтырдан қалған), 1475 тонна түрлі жем азығы дайындалған. Аудан аумағына тұрғындардың және кәсіпкерлердің күшімен облыс орталығынан және Ресей Федерациясы аумақтарынан жем қосымша тасымалдануда. Қыстақтарға мал азығын қосымша жеткізу үшін жолдың қар басуы қиындық тудырды. Қар түсімінің көптігінен және оның борандатып жиі жаууына байланысты арнайы техникалар дер кезінде қыстақтарға жол салып үлгірмеді. Сонымен қатар шаруашылық құрылымдары мен тұрғындар өздерінің малына мал азығын науқан барысында жеткілікті мөлшерде дайындамауы, жылқы малының тебіндеп жайылу сияқты физиологиялық ерекшелігін  ескермеуі де мал қыстатуда мәселелер туындатты. Мәселен, Борсы ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарының жылқы малы далада қалып, азық жеткізу кедергі келтіріп отыр,-дейді Еділхан Берікбайұлы.

Аталған инспекция басшысының айтуынша, көктем мерзімінің таялғандығын ескере отырып,  аудан аумағындағы мал қорымдарын, соның ішінде сібір жарасы көмінділерін су шайып індет қоздырғыштарының мал жайылымдарына таралмауының алдын алу қажет.

                                                                                                              Н.Өтей