7.03.2019, 19:46
Қараулар: 457
Әйел-аналардың шуақты мерекесі

Әйел-аналардың шуақты мерекесі

Бүгін Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев Халықаралық әйелдер күніне орай бір топ әйелдер қауымын қабылдап, оларды төл мерекелерімен құттықтады. Қабылдауға көпбалалы аналар Ақбану Сатқанқызы, Сандуғаш Даржуова, Айнұр Ноғаялиева, Шынар Қонысова, Бибигүл Ғаниева, Бақтыгүл Тұқабаева, Кәмшат Қуанғалиева және Әйгерім Ақанова қатысты. Шара барысында аудан басшысы еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы әйелдер рөлінің маңыздылығына тоқталды.

-Отбасының шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп, әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген әйелдердің саны жылдан-жылға арта түсуде. Сондай-ақ әйелдер қауымы табысты, іскер адам болумен қатар отбасы, ошақ қасының ұйытқысы, ырыс-берекесі. Халқымыздың дәстүрі мен салтын, мәдениеті мен тарихын, тілін қадірлеуді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан Сіздерге шынайы ризашылық сезімімді білдіремін. Мерекеге орай баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, барлық арман-мақсаттарыңыздың орындалуын тілеймін,- деді Азамат Сафималиұлы.

Сонымен қатар әйел-аналарды аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов та құттықтап ізгі тілегін арнады. Қабылдау соңында аудан басшысы көпбалалы аналарға алғысхат пен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Лаура ХАЛИНА