8.03.2019, 0:25
Қараулар: 669
Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі

Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті.

-Құрметті де қадірменді әйелдер қауымы! Баршаңызды осынау көктемнің шырайлы мерекесі – Халқаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Адамзат баласы ықылым заманнан анасын да, қыздарын да қадірлеген, ардақ тұтқан. Ананы сыйлаған, имандылыққа ұйыған халқымыз олардың жүзін мұң шалмауы үшін бар жақсылықты жасауды парыз етіп келеді. Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың ақ тілегімен еселенеді десек, онда парызды өтеу – ұрпаққа қарыз болып қала береді. Сондықтан да тәуелсіздігімізді тұғырлы етудегі табандылықтарыңыз, ел бірлігін нығайтуға қосқан үлестеріңіз үшін өз атымнан және барша ер азаматтар атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Азамат Сафималиев.

Сонан соң ол Елбасының 2019 жылғы 13 ақпандағы №841 Жарлығымен алты және жеті бала туып, тәрбиелеген Ақоба ауылының тұрғыны Шынар Қонысова мен Жәнібек ауылының тұрғыны Ақбану Айтқалиеваға «Күміс алқа» алқасын, сондай-ақ бала тәрбиесімен қатар абыройлы қызмет атқарып жүрген аудандық орталық кітапхананың қызметкері, көпбалалы ана Күләш Биғалиева мен Тау ауылының тұрғыны, Ғ.Абдуллин атындағы орта мектептің мұғалімі, көпбалалы ана Кәмшат Абдоловаға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың алғысхатын салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің меңгерушісі Светлана Насенова, аудандық мемлекеттік архивтің директоры Гүлмира Қауденова, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Зухра Дәулетшина, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі әдіскері Айман Шынтемірова, аудандық демалыс орталығы хор ұжымының жетекшісі әрі әнші Мейрамгүл Дәулетқалиеваларды өз атынан алғысхаттармен марапаттады.

Шара барысында Азамат Сафималиұлы мен аудандық полиция бөлімі міндетін атқарушы, полиция полковнигі Манарбек Қаташев бір топ полиция қызметкерінің аналары мен жарларына облыстық полиция департаментінің атынан төсбелгілерді табыстады.

Салтанатты жиын соңы аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

А.ЕСІРКЕПОВ