10.03.2019, 14:24
Қараулар: 27
«Масленица» мерекесін тойлады

«Масленица» мерекесін тойлады

Аудандық мәдениет және демалыс саябағында славян халықтарының қыстың соңғы айын шығарып салуға арналған «Масленица» мерекесі аталып өтті. Мейрам жылы күндерді өзімен ала келеді деген ұғым бар. Қысты шығарып салу дәстүрі, тәуелсіз елімізде жаңғырып жатқан мағыналы мерекелердің бірі. «Надежда» ансамблі, Тамара Кафарова, Шынар Каюповалар ән шырқап, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов мерекеге қатысушыларды қызу құттықтады. Аудан орталығындағы мектептер мен М.Ықсанов атындағы колледжден мерекені тойлауға келгендер өз өнерлерін ортаға салды. Әсем әуеннің ырғағында қол ұстасып би биленді. Спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Мерекеге қатысушылар самаурыннан ыстық шәй ішіп, құймақ, басқа да түрлі тағамдардан дәм татты. Масленица ең көне мерекелердің бірі болғандықтан, халықтық серуен бір аптаға созылады. Мерекенің соңында сабаннан жасалған мүсін, яғни қарақшы жағылады. Ол қарды жібітіп, көктемнің келуін жақындатады деген сенім бар. Сөйтіп жиналған қауым қысты мәре-сәре болып, керемет көңілмен шығарып салды.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ