11.03.2019, 17:06
Қараулар: 449
 » 
«Өнерім-өмірім» шығармашылық кеші

«Өнерім-өмірім» шығармашылық кеші

Ән бұлбұлдары Күләш, Роза, Бибігүл сынды апаларының жолын жалғастырып, өзіндік ерекше дауысымен талайды тамсандырған, аудан жұртшылығын жиырма үш жыл бойы әнімен сусындатқан талантты әнші Мейрамгүл Дәулетқалиеваның «Өнерім-өмірім» атты шығармашылық кеші болып өтті. Сахна шымылдығын кеш иесі «Өмірім-ай» әнімен ашып, көрермендерге өзінің жылы ілтипатын білдірді.

Кеш барысында «Аяулы ана», «Гүлмін», «Жаңбырлы түн» және тағы басқа әндер жанды дауыста орындалды. Сонымен қатар LED-экран арқылы Мейрамгүлдің отбасы туралы бейнежазба көрсетіліп, әр айтылған ән театрландырылған көрініспен беріліп отырды. Сондай-ақ кеш иесін Данабек Үмбетәлі, Шынар Каюпова, Ақнұр Азаматова, Рита Малаева, Руслан Әліпқалиев сынды аудан көркемөнерпаздары, замандасы Асылбек Есенғалиев, аудандық «Ақмаржан» бишілер тобы және «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі сүйемелдеп отырды. Шара «Жүрегіммен әнді сүйем» әнімен әдемі түйінделді.

Сахнаға көтерілген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бекежан Шарафутдинов әнсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны үшін Мейрамгүл Дәулетқалиеваға өнерде шығармашылық табыс, өмірде денсаулық пен отбасы амандығын тілеп, алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.

— Осындай шығармашылық кешті қолға алып, ұйымдастыруым алғаш рет болғандықтан қатты қобалжыдым. Жас режиссер Жайнагүл Хаматованың көп көмегі тиді. Мейрамгүлге концертті өткізу жөнінде 2018 жылдан бастап айтып келдім. Оның үстіне мерейлі жасы да болып қалды. Басында ол кешті өткізуге қарсы болды. Бірақ өткізуге көндірдім. Көрерменмен тығыз байланыста болып, әр сәті шынайы болсын деген ниетпен шығармашылық кешті Мейрамгүлдің өзі басынан аяғына дейін жүргізгенін қаладым. Жалпы саны он сегіз ән орындалатын болып шешілді. Әр ән әсерлі болып шығу үшін оның біріне би, біріне сахналық қойылым ұйымдастырдық. Концерт көрермендердің көңілінен шықты деп ойлаймын, — деді кештің ұйымдастырушысы Данабек Үмбетәлі.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ