13.03.2019, 11:51
Қараулар: 739
Мемлекеттік сатып алудағы заңнамалық өзгерістер

Мемлекеттік сатып алудағы заңнамалық өзгерістер

 

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2015 жылдың 4 желтоқсанындағы №434 Қазақстан Республикасы  «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңымен қатар мемлекеттік сатып алу саласындағы өзге заңнамалар мен  заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлеріне түзетулер мен өзгерістер енгізілді.

Бұрын меншікті кірістері есебінен (төлемді қызметтер)  мемлекеттік сатып алулар тапсырыс берушілердің шешімдерімен жүзеге асса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан тауар, жұмыс, қызметтерді меншікті кірістер есебінен алу мемлекеттік сатып алу болып табылып, Заңға сәйкес жүргізілуі тиіс.

Мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығын арттыру, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру үшін жобалау-сметалық құжаттамасы бар жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында):

1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген, қосылған құн салығы есепке алынбаған соманың отыз пайызы мөлшерінде алдын ала төлемді (аванс) көрсетуге;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.

Тағы бір жаңалық – конкурс/аукцион сатып алулардың, жобалардың және техникалық ерекшеліктерін алдын ала талқылауға қатыспаған адамдардың берген шағымдары қаралуға жатпайды. Тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін конкурстық құжаттамаға өз бастамасы бойынша өзгерістер енгізуге құқылы және мұндай жағдайларда конкурстық құжаттама қайталай  алдын ала талқылауға жатады.

Орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру мақсатында әлеуметті өнім берушілермен демпингтік баға ұсынуға тыйым салынды. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру туралы ережеде бағаның төмендету шектік мәндерi: құрылыс монтаж жұмыстарын бойынша – 10 %; техникалық-экономикалық негiздемемен жобалау-сметалық құжаттамаға – 15%; техникалық қадағалау қызметіне 15% мөлшерінде белгіленді.

Тапсырыс беруші конкурс/аукционға бірден артық әлеуметтік өнім беруші қатысса, бір көзден сатып алу тәсілін қолдануға құқығы болмайды. Басқа сөзбен айтқанда,  2019 жылдың 1 қаңтарынан бұндай сатып алулар қайта өткізілуі міндетті. Егер қайта ұйымдастырылған сатып алуда ұсынылған өтінімдер болмаса немесе бір өтінім  ұсынылған жағдайда тапсырыс беруші бір көзден сатып алуға құқылы, болмаған жағдайда сатып алу қайта  өткізіледі.

Тапсырыс берушілерге  нарықта ұсынылған және қолжетімді, құны тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы Заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір мың еселенген мөлшерінен аспайтын (2 525 000 теңге) тауарларды мемлекеттік сатып алуда тауар белгілеріне, фирмалық атауларына, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауын көрсету құқығы берілді.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру мақсатында аз сомадағы  жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда олардың шекті мөлшерлері 500 айлық есептік көрсеткіш, ал төртінші деңгейдегі бюджеттегі ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары үшін айлық есептік көрсеткіштің 3000 еселенген мөлшері бекітілді.

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 207-бабына толықтырулар енгізіліп, ҚР мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасының талаптарын конкурстық баға ұсынысына әсер ететiн өлшемшарттарды қолданбау бөлiгiнде бұзу, сол сияқты оларды дұрыс есептемеу, әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімдерін уақтылы қарамау, алдын ала жіберу және (немесе) қорытындылар хаттамасын уақтылы орналастырмағандары үшін әкімшілік жауапкершіліктер  қаралды.

Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын-ала жылдық жоспарын) немесе мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырмау немесе уақтылы орналастырмау, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын экономикалық сыныптаманың мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу талап етілетін өзіндік ерекшеліктері (шығыстар баптары) бойынша жиынтығында бюджетке (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес келмейтін көлемде бекіту (нақтылау) бұзушылықтары анықталған жағдайда лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

 

Виталий ПАК,

ҚР ҚМ ІМАК БҚО бойынша ішкі мемлекеттік

 аудит департаменті басшысының орынбасары