14.03.2019, 15:58
Қараулар: 665
Ұлы даланың ұлттық мерекесі ұлықталды

Ұлы даланың ұлттық мерекесі ұлықталды

Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Көрісу айтына арналған мейрам өзіндік өрнегімен және ерекшелігімен оздырылды.  Мәдениет үйінің фойесінде  аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары күйден шашу шашып, Көрісу айтының көріністерін көрермендерге тарту етті. Киіз үй тігіліп, дербес мекемелердің басшылары мен ауыл ардагерлері ұлттық тағамдардан дәм татып, құран бағышталды. Жұртшылықты аудан әкімі Азамат Сафималиев мерекемен құттықтады.

-Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айқындалған міндеттерді орындау мақсатында тарихымызды жаңғыртып, ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды насихаттау бағытында түрлі шаралар өткізілуде. Бүгінгі шараның басты мақсаты — ағайын мен туыс, көрші-көлем арасындағы байланысты нығайтып, сол арқылы елдегі ауызбіршілікті сақтау. Бәріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, амандық тілеймін, — деді ол.

Сахна шымылдығын ақ жаулықты әжелерден құралған «Ақниет» және «Надежда» ансамбльдері халық әндері «Сусамыр елдің жайлауы», «Дедім-ай ау», «Гүлдерайым»,  А.Құнанбаевтың әні «Көзімнің қарасы» әндерін тарту етіп, попурри орындады. Ертеден халық сүйген музыкалық жанрдың бірі — жыр. Ата-бабамыз қастерлеген өнерді бізге жеткізген жыршылар еді.  Осынау жыраулықты насихаттау бағытында Тау ауылының мәдениет қызметкерлері «Алпамыс батыр» жырын сахнада алғаш рет жұртшылық назарына ұсынды. Бұл жыр Алпамыс дүниеге келгенге дейін қойылып, оны әрмен қарай жалғастыру аудандық ардагерлер кеңесінің ақсақалдары мен «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігіне жолданды. Кеш барысында ерлі-зайыпты Сұлтан-Мария Мұсаевтар «Алтыным» әнін шырқап, өз өнерлерін көрсетті. Аудан өнерінің тарихында қалған «Арай» вокалды-аспапты ансамблінің мүшесі, әнші Темірлан Балмағамбетов гитарамен «Глазастая девчонка», «Вальс» әндерін шырқады. «Ақмаржан» халықтық-би ансамблі мен Меңсұлу Жұмақұлова «Ата толғауы» биін биледі. Кеш аудан ардагерлерінің орындауында «Атамекен» әнімен өз мәресіне жетті.

Лаура ХАЛИНА