18.03.2019, 12:24
Қараулар: 668
Наурыз мерекесі ұлықталды

Наурыз мерекесі ұлықталды

Аудан орталығындағы Т.Жароков атындағы мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары аясында «Жаса, Наурыз — дәстүрлі» атты мерекелік шара болып өтті. Кештің мақсаты — Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, халқымыздың салт-дәстүрін оқушылардың бойына дарыту. Шараға мектептің даярлық тобынан бастап 8-сынып оқушыларының ата-аналары мен мұғалімдері қатысты. Ұлттық киім киген жиынға қатысушылар ауыл ауылға бөлініп, салт-дәстүрлерден, ұлттық спорт ойындарынан көріністер көрсетті. Дәлірек айтсақ, мектепалды даярлық тобы «Ботақан» ауылы боп «Бесікке салу» дәстүрін көрсетсе, 1-сынып «Бәйшешек» ауылы болып халық әндерін орындады. 2-сыныптың «Еркетай» ауылы ұлттық ойындарға тоқталса, 3-сыныптың «Қызғалдақ» ауылы «Тұсау кесу» салтын ұсынды. 4-сыныптың «Жауқазын» ауылы «Тілашар» дәстүріне тоқталса, 5-сыныптың «Самұрық» ауылы «Ерулік» пен «Бастаңғы» салттарын көрсетті. 6-сыныптың «Бәйтерек» ауылы атқа міну мәдениетін түсіндірді. 7, 8-сыныптың «Жас өркен» және «Қырандар» ауылдары сәйкесінше аң стилі мен «Алтын адам» көне жәдігерін насихаттады.

Мерекеге арналған шарада әндер орындалып, би биленді. Ұлыс оң,  ақ мол болсын!

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ