19.03.2019, 11:41
Қараулар: 683
 » 
«Інжудің» жұлдызды шағы

«Інжудің» жұлдызды шағы

Би – сұлулық, би – әсемдік, би – адамның ішкі дүниесін байытып, бойға жігер құяр күшқуат. «Інжу» би тобы соңғы кездері ерекше қойылымдарымен, талғамы биік костюмдерімен көрермен көңілінен шығып, аудандағы мәдени шараларға белсенді қатысып жүр.

Би тобының жетекшісі биші-хореограф, жас маман Әсел Ержанова. Ақтөбе өңірінің тумасы Әсел Қыдырәліқызы өмірлік серігі Айдынмен Жәнібек ауданына 2015 жылы жұмыс бабымен келді. Жан жары Айдын аудандық орталықтандырылған ауруханада хирург қызметіне орналасса, Әсел «Алтын ұя» бөбекжайына хореограф боп кіріседі. Жас маман бүлдіршіндерді би өнеріне баулумен қоса аудандық мәдениет үйі жанынан үйірме ашып, «Інжу» би тобын құрады. Үйірмеге алғашында мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы 15-20 шақты қыздар қатысады. Бүгінде үш жылға жуық жұмыс жасап келе жатқан үйірмеге қатысатын қыздар саны көбейген. Олар жас ерекшелігіне байланысты кіші, орта, ересек топ болып, әртүрлі би түрлерін меңгеруде. Қазіргі технологияның дамыған шағында балалар қолдарындағы смартфондарға тәуелді. Осының салдарынан қозғалыс азайған. Сондықтан балалардың қимыл-қозғалысын арттырып ғана қоймай, дамып келе жатқан ағзаға пайда тигізер қосымша сабақтардың көбеюі көңіл қуантады.

– Ырғақты би қимылы тек ептілік, әдемілік, шығармашылық мүсін ғана емес, бұл өнер баланы жігерлендіреді. Хореография сабағында тек қана би үйретіліп қана қоймай, бұлшық еттері жақсарып, икемділік, төзімділік қабілеттері дамиды және дене бітімдері қалыптасады. Биге қатысқан балалардың әдемілікке құштарлығы артады. Есте сақтау қабілеттеріне де әсері зор. Үйірмеге бүлдіршіндер 3 жастан бастап қатысуда. Қосымша сабақтар сенбі, жексенбі күндері өтеді. Сабақ алдында олар міндетті түрде қырық минут гимнастикалық жаттығулар жасайды. Қол, бас, дене және аяқ қозғалыстарының үндесуін, оқушылардың синхронды орындауға тырысуын сабағымда басты назарға аламын. Келер жылда оқушыларыммен бірге жүзеге асырар жоспарларым көп, – дейді жас маман.

Ауыл-аймақта қаладағыдай емес қосымша үйірмелер саны аз болады. Мектеп жанынан тыс әртүрлі үйірмелер баланың жан-жақты дамуына ауадай қажет. «Інжу» бишілер тобы жуырда Орал қаласында өткен «Танцы без границ» республикалық бишілер байқауына қатысып келді. Еліміздің бірқатар өңірлерінен өнерпаздар қатысқан өнер додасында жәнібектік би тобының 10-15 жас аралығындағы бишілері «Ер Тұран» және «Алға, Қазақстан!» билерін орындап, бірінші орынды иемденсе, 7-8 жас аралығындағы биші бүлдіршіндер «Black and white» биімен екінші орынды жеңіп алды. Ал кейіпкеріміз Әсел Қыдырәліқызы «Өз ісінің шебері» кубогіне ие болды.

Әсемгүл ҚУАНҒАЛИЕВА