19.03.2019, 11:56
Қараулар: 566
Мамандық жалақы алумен шектелмейді

Мамандық жалақы алумен шектелмейді

Кеңес Одағы кезінде жоғары білім алу қиын болғанын көп естиміз. Себебі оларға жұмыс күші көбірек керек болды. Жоғары оқу орындарында оқу мықтылардың мықтысына ғана бұйыратын еді. Ал қазір керісінше. Себебі жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру – мемлекеттің басты міндеттері болып отыр. Грант санының жылдан-жылға артуы талапкерлер үшін зор мүмкіндік.

Соңғы жылдары жоғары және арнаулы жеке оқу орындары мен алуан түрлі мамандықтар қаптап кетті. Бұл дегеніміз, түлектер шама-шарқына, қарым-қабілетіне, ҰБТ-да жинаған азғантай балына қарамастан, ақылы бөлімде оқи алады. Мектепте оқу үлгерімі нашар оқушылардың жеке университеттердің «керім» факультеттеріне күмп ете қалатынын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Қоғамда жоғары білімді адамдардың көп болуы мемлекеттің әлеуетіне әсер ететіндіктен, жастардың білім алғандары жақсы, әрине. Әйтсе де таңдаған мамандықтарды жетік меңгеруге олардың қауқары жете ме? Елбасы биылғы Жолдауында еліміздегі университеттердің санын қысқартып, сапаға көңіл бөлу қажеттігіне тоқталғаны көңіл қуантты. Сапаға көңіл бөлген жағдайда көрсеткіш болатыны хақ. Жеке оқу орындарының көптігі, мамандық түрлерінің артуы, мектептердегі кәсіби бағдардың әлсіздігі, ата-ананың бала қабілетіне қарамай өздері қалаған мамандықтарға оқытуы – жұмыссыз жастар санының көбеюіне түрткі болуда. Жұмыс іздегенде ыңғайлысын таппай, сол сәтте түскен ұсынысқа, иә болмаса достары мен таныстары айтқан орынға ең соңғы мүмкіндік сияқты жабысып, «болашақта бәрі өзгерер» деген үмітпен кез келген жұмысқа орналасып жатқандар да баршылық. Содан кейін кеңседе қағаздардың көшірмесін жасап, бір кабинеттен екінші кабинетке қағаз тасу, құжаттарды тіркеу немесе жоғарыдан келген тапсырманы ғана орындап қойып, өз тарапынан ұсыныс та, идея да айта алмай булығып жүреді. Солай ма? Солай. Тек қана күнкөріс үшін жұмыстан кетпей жүрген қаншама адам бар. Жұмысына көңілі толатын, жақсы көріп істейтін мамандар да арамызда баршылық. Алайда оларға кереғар, сүйікті ісін таба алмай жүргендер де жоқ емес. Осы саладағы мамандар пікірі қандай екен. Енді соларға құлақ түрелік.

Нұрлыбек ТӨРЕШОВ, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін, ең алдымен, мамандығыңызға деген сүйіспеншілік қажет. Ынтамен істеген жұмыс қана нәтиже береді. Жыл сайын жас мамандар туған ауылдарына оралып жатыр. «Жас келсе – іске» демекші, жұмыс тауып беруге тырысамыз. Дипломдары сәйкес келмесе де, ыңғайы шыққан қызметке орналасады. Дәл қазір аудан бойынша заңгер, есепші, электрик мамандары жетіспейді. Жұмыс беруші мекемелерден келген сұранысқа сәйкес бізде тізімде тұрған жұмыс сұраушыларды жібергенде дипломы сәйкес келгенмен, функционалдық міндетін атқарып кете алмайтындар да кездеседі. Қазір грант жолын емес, нарық жолын бақылаған дұрыс. Сонда ғана білікті мамандар көбейіп, ел экономикасы дамиды деп ойлаймын. Әрине, нарық қыспаққа алып тұрған заманда бала оқыту ата-ана үшін оңай емес. Әр ата-ана баласының грантқа түскенін қалайды. Сол себепті кейбір балалардың арманы кеудесінде тұншығып қалып қояды. Мамандықты таңдау кезінде жүрек қалауы болу керек. Қай салада болмасын «әйтеуір жалақы алсақ болды» деген көзқарас болмау керек.

Гүлназ ОРАЗБАЕВА, Х.Халиуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектептің психологі:

– Мектепте ұстаздар жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар береді. Осы ретте көптеген тәрбиелік шаралар, психологиялық сауалнамалар, кездесулер өткізіліп тұрады. Бірақ көп жағдайда мамандық таңдау кезінде атаананың рөлі басымырақ түсіп жатады. Бірінші ҰБТ тапсырып алсын, соның балына қараймыз дейтін ата-аналар да бар. Мұны ересектер тарапынан көрсетілген енжарлық дер едім. Өйткені балаға дұрыс бағыт-бағдар беру – ата-ананың міндеті. Мектепті бітірген бала өмірге енді аяқ басқалы тұрған сәби секілді. Бірен-саран алдына нық мақсат қойғандары болмаса, басым бөлігі ата-ананың айтқан оқу орнына құжаттарын тапсырады. Психолог ретінде баланың мінез-құлқына, сабақ үлгеріміне қарап, болмысына сай мамандық таңдауға шақыруға тырысамын. Шын мәнінде өміріміздің көп бөлігі жұмыста өтеді. Түлектерге айтарым да сол, адам жан дүниесіне, жүрек қалауына сай келетін салада ғана зор табысқа жете алады.

Қырмызы ЕГІЗБАЕВА, аудандық білім беру бөлімінің кадр ісі жөніндегі әдіскері:

– Жыл сайын орта және жоғары оқу орындарын бітірген педагог мамандар ауылға келуде. Әйтсе де аудандағы білім ошақтарына математика, орыс тілі, музыка пәнінің мұғалімдері жетіспейді. Ауылда жұмыс істеуге ниетті жастарымыздың дені тәрбиеші, психолог, бастауыш сынып, дене шынықтыру пәндерін игергендер. Аудандық білім беру бөлімінде жұмыс сұраушылар тізімінде де осы аталған мамандық иелері тұр. Ал математика, орыс тілі пәнінің кадрлары бір емес, бірнеше мектептерге жетіспейді. Мектептерде кәсіптік бағдар күшейтіліп, математика, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері үздік оқушылардың аталмыш пәндерге деген қызығушылықтарын арттырып, өздерінің ізін жалғастырар шәкірт тәрбиелесе, нұр үстіне нұр.

Түйін. Еліміз бойынша сарапшылардың болашақта ең қажет етіледі деп тапқан мамандықтарына назар аударып көрелік. Өндіріс пен техника саласына мықты инженерлер, өміріміз ақпараттық технологияға бейімделіп келе жатқандықтан ІТ саласының мамандары, болашақта ғарыш, машина жасау, тамақ өндірісі, медицина сияқты ірі салаларда үлкен рөл ойнайтын нанотехнология мамандары, электроника және биотехнология мамандары, бизнес, шаруашылық, тіпті мемлекеттік жүйеге өте қажетті маркетологтар, өнімдерді шетке шығару мен ішке кіргізуде басты рөл атқаратын логисттер аса қажет екен. Десек те, әр мамандықтың өз салмағы болады, кез келген маман иесі маңызды. Ең бастысы, білікті маман жерде қалмайды. Сәйкесінше үш университет бітірсе де мамандығын жетік игермегендер «Дипломың болса да жұмысқа алмайды» деп жылап жүре береді. Әр адам мамандық таңдағанда өзі айналысқысы келген жұмысты ғана емес, өзі араласатын ортаны да таңдайтынын ұмытпаған жөн. Кез келген салада өз ісіне шебер, мықты мамандар әрдайым сұранысқа ие. Әрі сүйікті кәсібіңмен нәпақа тапқанға не жетсін! Мамандықты дұрыс таңдау – өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау екенін ұмытпайық.

Әсемгүл ҚУАНҒАЛИЕВА