19.03.2019, 17:58
Қараулар: 27
Екпеден бас тартқандар азаймай тұр

Екпеден бас тартқандар азаймай тұр

Бүгін Жәнібек аудандық білім беру бөлімінде аудан бойынша туберкулез ауруының эпидемиологиялық жағдайы хақында жиын болып өтті. Оған аудандық ішкі саясат бөлімі, қоғамдық кеңестің мүшелері, жастар қоғамдық бірлестігі және аурухана қызметкерлері қатысты.

Аудандық орталық аурухананың фтизиатр дәрігері Бақыт Қанатов аудан аумағында туберкулезге қарсы жасалып жатқан жұмыстар жөнінде хабарлама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда диспансерлік есепте 32 науқас тіркеліп тұр. Сондай-ақ аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы Іңкәр Хасаинова слайд арқылы аталған тақырып бойынша көрсеткіштерге тоқталып, туберкулезге қарсы екпеден бас тартқан ата-аналардың саны төмендемегенін, яғни 2017 жылы үшеу болса, 2018 жылы бес нәрестенің ата-анасы екпе жасауға қарсылық білдіргенін айтып өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев манту сынамасы жасалып, кейін ол ісіп кетсе, не істеу керектігі туралы сұрады. Сол сияқты жиынға қатысушылар тарапынан тақырыпқа орай түрлі сауалдар қойылып, жауап берілді.

Гүлзара МӘДИ